Елордалық оқушылар қоғамтану-гуманитарлық пәндер бойынша олимпиадада үздік атанды
Петропавлда қоғамтану-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың Республикалық олимпиадасының ІV кезеңі аяқталды. Жарысты ұйымдастырушы – «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы. Елордалық оқушылар тоғызыншы рет жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, «Үздік команда» атанды.
Астана қаласының білім беру мекемелерінен олимпиадаға 34 оқушы қатысты. Бес күн бойы олар қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері пәндері бойынша өз білімдерін сынады.
– Бұл 15 пән бойынша өткізілетін жыл сайынғы олимпиада. Оқушылар арасында іріктеу төрт кезеңмен жүргізілді. Финалға ең мықты 34 бала шықты. Жарыс қиын болды. Оған еліміздің үздік мамандандырылған мектептерінің өкілдері қатысты, дегенмен, біздің оқушылар тоғызыншы рет топ жарып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға қол жеткізді, – деді «Астана Дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыру-педагогика жөніндегі директордың орынбасары Әлия Аяпова.
Олимпиада нәтижесі бойынша Астана қаласы жалпы командалық І орынды иеленді және «Ең үздік команда» атанды. Олимпиадада 18 оқушы жүлдегер атанды. Үш оқушы бірінші, сегіз оқушы екінші және жеті оқушы үшінші орын алды.
Жарыста француз тілінен бірінші орын алған №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Маргарита Данилова өз әсерімен бөлісті:
– Мұндай маңызды жарысқа алғаш рет қатыстым, бұл үлкен жауапкершілік, өйткені, мен мектептің ғана емес, тұтастай елордалық білімнің намысын қорғадым. Осындай үздік нәтижеге қол жеткізуге көмектескен барлық жандарға алғыс айтамын. Шет тілін білудің маңызды екендігін түсіндім.
Неміс тілі пәнінен жеңімпаз атанған №46 мектеп-гимназиясының оқушысы Әмина Мырзабек осы жарыстағы жеңістің оны одан әрі ынталандыра түсетініне сенімді.
– Мен өте қуаныштымын, алтын аламын деп ойламағам. Мен мақсатыма жеттім, мұнымен тоқтамаймын, алда бағындыратын талай шың бар. Бүгінде бәрі негізінен ағылшын тілін меңгереді, ал мен болсам, неміс тілін таңдағаныма еш өкінген емеспін. Болашақта аудармашы боламын деп ойлаймын, – деді ол.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10218
Пікір жоқ әзірше