Елордада қаланы абаттандыру мәселелері талқыланды
Елорда әкімдігінде апта сайынғы аппарат отырысы ҚР Парламенті Мәжілісі мен Астана қаласы мәслихатының депутаттарын сайлауды ұйымдастыру жұмыстарының, сондай-ақ, Наурыз мейрамына арналған іс-шараларды өткізудің қорытындысын шығарудан басталды.
Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің атап өтуінше, Астана «Нұр Отан» партиясын қолдау бойынша ең үздік нәтижеге (85,18%) қол жеткізген. Сайлаушылардың сайлауға қатысу көрсеткіші 75% құрады, бұл Астана тұрғындарының азаматтық белсенділігінің жақсы көрсеткіші болып табылады.
Отырыс барысында қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту мәселелері де қаралды. Астана аудандарының әкімдері жол төсемінің жағдайы туралы толық фото-есеп ұсынды. Автомобиль жолдары басқармасына бір айдың ішінде жолдарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын барынша жүргізу тапсырылды. Аталған мәселе қалалық қызметтердің назарында болуы тиіс, деп атап өтілді отырыс барысында.
Елорда әкімінің айтуынша, күннің жылынуына орай қала тұрғындары мен қонақтары саябақтарға, гүлбақтарға және Есілдің жағалауына жиі баратын болады. Сондықтан бұл жерлерді абаттандыруды қолға алу керек. Аудан әкімдіктері мен профильді қалалық қызметтер бір аптаның ішінде саябақтар мен аумақтарда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі керек.
Бұл ретте бизнес өкілдері өз объектілерінің сырт көрінісіне мұқият болып, қаланы абаттандыруға белсенді қатысуы тиіс. Сонымен қатар, алдағы уақытта ұйымдастырылатын абаттандыру айлығы аясында теміржол маңындағы аумақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу қажет.
Қала басшысы көшеде сауда жасау үшін 1000 орын бөлуге де ерекше назар аударды. Ә. Жақсыбеков бұл процестің кәсіпкерлер үшін ең аз бюрократиялық продуралармен және барынша айқын өткізілуі тиіс екендігін атап өтті. Бұл ретте ұйымдастырылған көше саудасының артықшылықтары биылғы жазда қала тұрғындары мен ШОБ өкілдері үшін сезілуі керек.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10214
Пікір жоқ әзірше