Астанада аутизмге шалдыққан балаларды қолдау шарасы өтеді
2 сәуір — Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Бұл күні жыл сайын Light It Up Blue флешмобы өткізіледі. Астана аталған шараға алғаш рет қосылмақ. Елордадағы басты көрікті жерлер — «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО сыртқы жарықтандырылуы көк түске боялады. Сонымен қатар, аутизмге шалдыққан балалардың, қалалық спорттық және шығармашылық ұжымдардың қатысуымен акция ұйымдастырылады.
Бұл шараларды өткізу туралы бастаманы «Сенім» психологиялық-педагогикалық түзеу орталығы көтеріп отыр. Акцияға Астана қаласының әкімдігі, психологиялық түзеу орталықтары, аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары мен волонтерлар қолдау көрсетуде.
– Біздің басты мақсатымыз – қоғам назарын аутизм проблемасына аудару, осындай балалар мен олардың ата-аналарына құрметпен қарауды қалыптастыру. Халық аутизм туралы мүлдем хабарсыз, адамдар оның ауру еместігін, оны түзеуге болатынын білмейді. Мұндай балалар кез келген салада жетістікке жете алады, өз елінің игілігі үшін еңбек етеді, олар үшін өздерін түсінбейтін қоғамда болу аса қиын. Біз осы жандардың ерекше әлемін көрсетпекпіз, сол туралы сөз қозғаймыз, – деді ұйымдастырушылардың бірі Гүлфия Әлиева.
Акция «Қазақстан» спорт сарайында сағат 11.00 басталады. Шараға қаладағы барлық орталықтардан аутист балалар қатысады. Жас хоккейшілер мұз айдынында керемет флешмоб орындамақ.
Айта кетейік, аутизмнің ресми түсі — көк. Сондықтан осы күні акцияны ұйымдастырушылар ниет білдірген жандарға көк түсті аквагрим жасайды, көк гүлдер, тіпті, көк түсті тәтті-дәмділер таратады. Кешке «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО көк түспен жарықтандырылатын болады.
Сонымен қатар, 6 сәуірде былтыр Астанада ашылған аутизмі бар балаларға арналған «Алтын мирас» орталығының ұйымдастыруымен қайырымдылық кешкі ас беріледі. Жиналған қаржы аутист балаларға арналған шығармашылық шеберханалар жасауға жұмсалады.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10216
Пікір жоқ әзірше