Астана әуежайында апатты жағдайда қонған «Бек Эйр» ұшағына қатысты арнайы комиссия құрылды

Астана жаңалықтары: Астана әуежайында апатты жағдайда қонған «Бек Эйр» ұшағына қатысты арнайы комиссия құрылдыБүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астана әуежайында «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшағына қатысты оқиғаға байланысты кеңес өткізді, деп хабарлады ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметінен.

Жиынға Инвестициялар және даму министрлігінің, Бас көлік прокуратурасының, ІІМ, ҰҚК өкілдері қатысты.

Инвестициялар және даму министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрды. Оған шығарушы зауыт өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар шақырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша, Бақытжан Сағынтаев осы сынды әуе апатының алдын алу бойынша шараларды қабылдауды тапсырды.

Азаматтық авиация комитетіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Бек Эйр» АҚ ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша шаралар жоспарын құрастыру тапсырылды.

Сонымен қатар, 29 наурыздан бастап, әуе тасымалдаушы қызметінің жоспардан тыс инспекциялық тексерісі басталады.

Жиында «Бек Эйр» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов жақын арада әуе компаниясы IOSA халықаралық авиациялық аудиттен өтуге кірісетінін айтты.

2016 жылы 27 наурызда сағат 10:36-да Астана әуежайына «Бек Эйр» компаниясының «Фоккер-100» ұшағы апаттық жағдайда қонды.

«Қызылорда-Астана» бағытында ұшқан ұшақ бортында 121 адам, оның 116-сы жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Жапа шеккендер жоқ.

ҚазАқпарат
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше