Minecraft ойыны мектеп бағдарламасына енгізілсе...

Блог - asaubota: Minecraft ойыны мектеп бағдарламасына енгізілсе...

Minecraft — қазіргі танымал ойындардың бірі. Үлкендердің де, кішкентайлардың да сүйікті ойыны. Жалпы, компьютер ойындары тарихындағы үздік ойындардың бірі болып саналады. 2015 жылдың жазына дейінгі есеп бойынша барлық платформалардағы сатылым саны 70 миллионнан асқан, оның 20 миллионы дербес компьютерлерге арналған, тіркелген ойыншы саны 100 миллионнан астам. Mojang компаниясының бұл өнімін 2014 жылы Microsoft 2,5 миллиард долларға сатып алған.

Minecraft-тағы мақсат — ойын ішіндегі әлемде өмір сүру, бәрін өзің тауып, қиялыңдағы нәрсені құрастыру. Бұл әсіресе балалардың қиялын, фантазиясын дамытуға жақсы. Шығармашылыққа, шешім қабылдауға, ізденімпаздыққа баулиды.

2011 жылы мектеп бағдарламаларымен айналысатын TeacherGaming компаниясы Mojang-пен бірге MinecraftEdu атты нұсқасын шығарады. Бұл нұсқа мектептерге арналған. Яғни, Minecraft ойынының мұғалімдерге арналған нұсқасы. Мұғалімдер балаларға осы ойын арқылы тапсырмалар беріп, олармен бірге ойнайды. Осылайша алдымен Финляндия мектептерінде басталған бұл жоба Еуропаның басқа елдеріне де тарай бастайды. Кей мектептерде үйірме ретінде оқытылса, кей елдерде мектеп бағдарламасына енгізіледі. 2015 жылы Солтүстік Ирландияның барлық мектептерінің оқу бағдарламасына кіргізілген.

Қазір балалар компьютер, планшеттен түспейтін болып кетті дейміз. Бірақ, ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Қандай ойындар ойнайтындары да бақыланбайды. Балаға тыйым салғанша оған дұрыс альтернатив ұсыну керек деп ойлаймын. Мысалы, осы ойынды Қазақстанда да мектептерге енгізсе немесе арнайы компьютер клубтары ашылып, жүйелі түрде жарыстар өткізілсе. Осы мәселеге Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырза назар аударса — біз стартап ұсынуға дайынбыз.
Бөлісу:

2 пікір

bake
Уақыт тауып, ойынды ойнап, пәлсафасымен танысып тағы бір рет жазбаңды оқып шығайын. Қызықтырып жібердің
Serzha
Minecraft ойнау тек Minecraft ойнау қабілетін жақсартады, басқа ештеңені дамытпайды. Сәйкесінше зерттеулер дәлелдеген, сілтеме жоғалып қалды, қайта іздеуге еріндім.