Елордада еңбек саласындағы негізгі проблемалар талқыланды
Қала әкімдігінің ғимаратында «Белсенді азамат» акциясының жалғасы ретінде екінші брифинг өтті. Бұл жолы еңбек заңнамасы, өндірістік травматизм, сондай-ақ көші-қон мәселелері талқыланды.
Брифинг барысында Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының басшысы Гульвира Дөненбаеваның айтуынша, бүгінде елорда еңбек мигранттары үшін тартымды қалаға айналып, қарқынды дамып келеді.
– 2014 жылғы сәуір айынан бастап жеке тұлғалар жұмыс істеу үшін еңбек патенттерін алатын болды, өткен жылы 7563 патент берілді. Қиыр шетел азаматтарына келсек, олар квота бойынша жұмыс істейді. Ал кәсіпорындарға жұмыскерлерді лицензиясыз қабылдаған жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 2015 жылы 78 заңды тұлға заң бұзушылыққа жол берген, – деді Г. Дөненбаева.
Еңбек қатынастары саласында жол берілетін негізгі бұзушылықтардың бірі еңбекақыны уақытылы төлемеу болып табылады. Жұмыскердің еңбекақысы ағымдағы айдың бірінші онкүндігінде төленуі тиіс. Қалалық прокуратура басқармасының басшысы Әділ Оспановтың айтуынша, өткен жылы 32 жағдай анықталды. Ол барлық азаматтарды бірінші күннен бастап жұмыс берушіден еңбек келісімшартын жасасуды талап етуге шақырды, өйткені, кейін еңбек қатынастарының болғанын дәлелдеу қиынға соғады.
Еңбек саласындағы тағы да бір маңызды мәселе өндірістік травматизм болып табылады.
– Өткен жылы 76 өндірістік жарақат алу жағдайы тіркелген. Бірақ оның алдындағы жылмен салыстырғанда бақытсыз жағдайлар саны азайған. Бұған Астана аумағында заң бұзушылыққа жол берген ірі құрылыс нысандарының қызметін тоқтатып қою сияқты қатаң шаралар қабылдау ықпал еткен. Көп жағдайда құрылысшылар жұмыскерлер үшін жеке және ұжымдық қорғау құралдарын сатып алмайды, – деді А. Оспанов.
Айта кетейік, сенбі күні «Белсенді азамат» акциясы аясында білім және денсаулық сақтау саласына арналған үшінші брифинг өтеді.
Ашық есік күнін өткізу кезінде елорда тұрғындарынан 638 жазбаша өтініш келіп түскен, қазіргі кезде олар жүйелендіріліп, орындалу мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспары әзірленді. Жақын арада өтініш берушілерге берілген жауаптар елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланатын болады.
astana.gov.kz/kk/modules/material/9982
Пікір жоқ әзірше