2020 жылға қарай Астана заманауи және жайлы мегаполиске айналады

Бүгін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин елорданы 2020 жылға дейін дамыту жоспарымен бөлісті.

– Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» ұлт жоспарында болашақта Астананы Еуразияның мәдени, ғылыми орталығына айналдыру және өмір сүру сапасы жағынан оны әлемнің үздік қалаларының қатарына енгізу міндетін алға қойды. Қазіргі кезде қалалық әкімдік халықаралық рейтингтік компаниялармен бірлесіп осы бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде, – деді Андрей Лукин.

Бүгінгі таңда Астана – инвестициялық климаты тартымды қала, ол «Smart city» рейтингі бойынша 21-ші орында тұр.

Елорда әкімдігі Үкіметпен бірлесіп 2050 жылы Астананы әлемнің үздік қалаларының ондығына енгізу тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Дамудың 2020 жылға дейінгі бірінші кезеңінде елорданы заманауи жайлы мегаполиске айналдыратын инфрақұрылым салынатын болады: қарқынды дамып жатқан бизнес қызметтер секторы, ақылды қала технологияларын енгізу үшін инфрақұрылымның болуы, медициналық және ғылыми-білім бағытындағы дамушы кластер.

Тұжырымдаманы әзірлеу аясында даму бағыттары айқындалды, онда «жасыл экономика» принциптерін енгізе отырып, Астананың Еуразияның іскерлік қаржылық-мәдени орталығы ретінде қалыптасуына басымдық берілген, «Smart city» тұжырымдамасымен қала астаналық агломерацияның ядросы болады.

Астананы әлемнің үздік қалаларының ондығына енгізу тұжырымдамасы дамудың басты алты бағытынан тұрады: экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік, инфрақұрылым, экология және мемлекеттік қызметтер.

Қаланың экономикалық секторын жақсарту аясында 2020 жылға қарай ЖӨӨ-ні кем дегенде 1,3 есесге ұлғайту қарастырылған. Өңдеуші өнеркәсіп өсімі жылына орта есеппен 13%, ал жалпы 2020 жылға қарай 75% құрайды деп болжанып отыр.

Бұдан басқа, 2020 жылға қарай инновациялық белсенділік деңгейін 23% дейін және еңбек өнімділігін 8,4 млн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. 2020 жылға қарай негізгі капиталға тартылатын инвестициялар көлемін 640 млрд. теңгеден 1 трлн. 200 млрд. теңгеге арттыру жоспарланған.

– Өз қаражаты өзіне жететін экономиканы қалыптастыру мақсатында әзірленіп жатқан астаналық агломерацияны дамытудың ұзақ мерзімді жоспары аясында әкімдік азық-түлік өнімдерін өндіру қуаттылықтарын арттыруды және азық-түлік белдеуінің тиімді қызметіне бағытталған іс-шараларды жоспарлап отыр, – деді Андрей Лукин.

Астананы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2020 жылға қарай халықты жемістермен және көкөністермен тұрақты қамтамасыз ету үшін 10 көкөніс қоймасы мен 5 жылыжай пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, 2020 жылға дейін Астанада инфрақұрылымдық кешенді дамыту аясында 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9595
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше