Елорданың көшірілгеніне 18 жыл
1997 жылы 10 желтоқсанда, 18 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қаласы ресми түрде мемлекет астанасы болып жарияланды.
Елордамыздың жылнамасындағы маңызды даталарға көз жүгіртіп өтейік:
6 шілде 1994 жыл, ҚР Жоғарғы кеңесі № 106 «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» Қаулы қабылдады.
15 қыркүйек 1995 жыл, ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Заң күші бар Жарлыққа қол қойды. Құжатта жоғары және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласында орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін мемлекетік комиссия құру тапсырылды.
20 қазан 1997 жыл, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмоланы Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.
8 қараша 1997 жыл, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің эталондары – Ту, Елтаңба және Президент штандарты Ақмолаға әкелінді.
10 желтоқсан 1997 жыл, ҚР Президентінің қатысуымен Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысы өтті, онда ел орталығының Ақмолаға көшірілгені айтылды.
6 мамыр 1998 жыл, ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Сол күні елорданың екі ауданы құрылды – Алматы және Сарыарқа, бұл атаулар Қазақстанның екі геополюсін біріктіреді.
10 маусым 1998 жыл, қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері өтті.
5 тамыз 2008 жыл, ҚР Президентінің Жарлығымен Есіл ауданы құрылды.
Астана құрылысы – барша халықтың, бүкіл мемлекеттік іске айнылды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: ««Астана арқылы жаһанға жаңа Қазақстанды аштық. Дегенмен, бұл қаланы біз ең бірінші өзіміз үшін аштық, өз Отанымыз үшін аштық. Астана құрылысы – еліміздің зор әлеуетін көрсеткен посткеңестік кеңістіктегі аса күрделі жоба. Бүгінде Астана – Қазақстанның жаңа тарихының бастауы», деген болатын.
Бүгін елорданың ресми көшірілгеніне 18 жыл болды. Осы уақыт ішінде Астана еліміздің тәуелсіздігінің және Мемлекет басшысының бастамаларын жемісті жүзеге асырудың символына, Қазақстанның қоғамдық-саяси және мәдени өмірінің орталығына айналды. Қазіргі таңда бұл өзіндік архитектуралық стилі бар заманауи қала.
18 жылдың ішінде қала халқының саны үш есеге жуық өсті. 1998 жылы Астанада 326,9 мың адам тұрса, бүгінде бұл көрсеткіш 869,1 мыңға жетті.
1998 жылдан бері құрылыс қарқыны бәсеңдемей келеді. Елордада тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жаңа баспаналар салынады. Жыл басынан бері жалпы ауданы 1 407 186 шаршы метрлік тұрғын үйлер пайдалануға берілді, ал 1998 жылы тапсырылған тұрғын ғимараттар ауданы 139,5 мың шаршы метрді құраған болатын.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің де саны артып келеді.Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес, 2015 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 100278 бірлікті құрады.
Астанада қаланың өнеркәсіптік өндірісінің өсімін қамтамасыз ететін ірі кәсіпорындар салынды. Үстіміздегі жылдың қазан айының соңында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 229422,0 млн. теңгені құрады. 1998 жылы бұл көрсеткіш 20 160,1 млн. теңге болған.
Халық санының артуына қарай жыл сайын мектептер мен балабақшалар саны да ұлғаюда. Қазіргі кезде елордада 92 жалпы білім беретін мектеп, 163 балабақша және 25 шағын орталық бар. Ал 1998 жылы 48 балабақша мен 47 мектеп қана жұмыс істеген болатын.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласы «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Марапатты табыс ету кезінде ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор мырза Алматыдан Астанаға көшірілген қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан Республикасының Президенті мен қалалық муниципалитет жаңа елорданы ғылымның, мәдениеттің және білімнің орталығына айналдыру үшін көп еңбек еткендерін атап өтті. ЮНЕСКО басшысының пікірінше, Астана жас мемлекеттің тәуелсіздігінің жарқын символына айналды.
Бүгінде Астана барша әлемге танымал. Дәстүрлі түрде өткізілетін халықаралық форумдар, саммиттер мен конференциялар, ірі спорттық, мәдени шараларда төрткүл дүниеден келген қонақтар бас қосады. Қазіргі кезде елорда жас қаланың жылнамасында лайықты орнын табатын EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындалып жатыр.
astana.gov.kz/kk/modules/material/9580
Пікір жоқ әзірше