Елордада басым бағыттар белгіленді

Астана жаңалықтары: Елордада басым бағыттар белгіленді

Астанада Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» тақырыбындағы халыққа Жолдауын іске асыру бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары қабылданады. Бұл туралы қала активінің кеңесінде елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті.

«Қызметімізге байланысты бәріміз де Жолдаудың басты орындаушылары болып табыламыз. Мемлекет басшысы айтқан әрбір тармақ мүлтіксіз орындалуға тиіс», деп атап өтті Астана әкімі барлық қалалық мемлекеттік органдарға қаратып айтқан сөзінде.

Ә. Жақсыбеков Жолдауды іске асыру барысындағы басты бағыттарды айқындап берді. Бюджеттік саясатты оңтайландыру мақсатында бюджеттік бағдарламалардың барлығына ревизия жүргізіледі. Тиімсіз және «формалды» шығындар алынып тасталады. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылмақ. Бәсекелес ортаға беруді қажет ететін бірқатар мемлекеттік ұйымдар мен объектілер бар.

Жаңа инвестициялық саясат аясында Астанада қалалық жобаларды іске асыру үшін Инвестициялар тарту кеңесі құрылатын болады. Осылайша, елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасын табады. Қала басшысы мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті кеңейтуге, мысалы, әлеуметтік сала нысандарын – емханаларды, ауруханалар мен балабақшаларды сенімді басқаруға беру мәселесіне ерекше тоқталды.

«Бюджетке түсетін салмақты азайтатын және халыққа ұсынылатын қызметтер тізімін кеңейту мен сапаның артуына әкелетін бастамаларды қолдау керек», деді Ә. Жақсыбеков.

Астанада бизнес үшін әкімшілік тосқауылдарды азайту бойынша жұмыстарды күшейту керек. Бүгінде көшеде сауда жасауға арналған орындар берілуде, бұл ШОБ өкілдеріне одан әрі дамуға көмектеседі. Инновациялық индустриаландыру аясында жаңа жобаларды іске асыру ғылымды қажетсіну және экономикалық тиімділік критерийлеріне қатаң сәйкес болуы керек. Айта кетейік, қазіргі кезде №1 Индустриалды парк жемісті жұмыс істеп келеді, онда 23 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, №2 Индустриалды парк бойынша шеберлік жоспарды әзірлеу аяқталуға жақын. Бұл инвестицияларды тартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық дәрежеде орындауда, бұл ретте халықты жұмыспен қамту үшін жағдай жасайды. Бүгінде Астанада мемлекет бойынша ең төмен жұмыссыздық деңгейі тіркелді – 4,6%, осы бағыттағы тиісті жұмыстар белсенді түрде жалғасады. Ә. Жақсыбеков жұмыс орындарын құруды қала әкімдігінің стратегиялық міндеті ретінде белгіледі. Елордалық Жұмыспен қамту орталығы халықты, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту және қайта оқыту бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Кадрларды даярлаудағы маңызды бағыттардың бірі техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту болып табылады. Алдағы уақытта техникалық кадрларды дайындау бойынша озық орталық құру мәселесі қаралады. Келер жылдың қаңтар айынан бастап Астанада жоғары сынып оқушыларын кәсіптік даярлауды ұйымдастыруға бағытталған жоба іске қосылады.

Кеңесті қорытындылай келе, Ә. Жақсыбеков жүргізілетін жұмыстардың сапасына баса назар аударды. «Барлық практикалық шешімдер Жолдауда айтылды. Ештеңені ойдан алудың қажеті жоқ. Тек нақты нәтижелер беретін ойластырылған батыл шаралар ғана керек» — деді Астана әкімі.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9556
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше