Астанада ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен түзетулер түсіндірілді
Елордада ҚР Еңбек кодексінің және «Көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының нормаларын түсіндіру бойынша семинар өтті.
Астана қаласының атқарушы органдарының өкілдеріне, жұмыс берушілерге, кәсіпкерлерге, кәсіподақ активіне кодекс нормалары түсіндіріліп, миграцияның өзекті мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, бес институционалды реформа аясында, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында жаңа Еңбек кодексі қабылданды. Құжат халықаралық тәжірибені ескере келе, еңбек заңнамасын ырықтандыруға негізделіп отыр.
Сәрсенбай Мыңбаев, Астана қ. Кәсіподақ орталығының төрағасы:
– Ұлт жоспарының 83-ші қадамына сәйкес, жаңа Еңбек кодексі әзірленді. Ол 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осыған байланысты барлық жерде Еңбек кодексінің жаңа ережелері мен нормаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін атқарушы органдардың өкілдері, жұмыс берушілер Кодекстің кейбір тұстарын түсіндіруді өтінді.
Жаңа Еңбек кодексі жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасындағы еңбек қатынастарын айқындай түсті, олардың ролі мен жауапкершілігін бекітті. Сонымен қатар, минималды еңбек стандарттары, базалық кепілдіктер мен жұмысшыларға төленетін өтемақылар, сондай-ақ, жұмыс берушілер тарапынан орындауды бақылау тәртібі белгіленді.
Ең төменгі әлеуметтік стандарттар әр адамның еңбек бостандығына, еңбек жағдайына және еш кемсітушіліксіз еңбек үшін сыйақы алу конституционалдық құқығын толық дәрежеде қамтамасыз етеді.
Семинарға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серікқали Бисақаев, Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Орал Әділбаев пен Астана қ. Жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Искаков қатысты.
astana.gov.kz/kk/modules/material/9549
1 пікір