Елбасы еліміздің Бас шыршасының шамын жақты

Астана жаңалықтары: Елбасы еліміздің Бас шыршасының шамын жақты

Бүгін, 1 желтоқсанда, Астанада Елбасының қатысуымен еліміздің Бас шыршасының шамын жағу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы салтанатты шара барысында барлығын алдағы Жаңа жылмен және еліміздің бас шыршасының шамының жағылуымен құттықтады.

— Жаңа жыл – әсіресе өскелең ұрпақ үшін асыға күтетін айрықша мереке. Жаңа жыл салтанатына дейінгі ай армандаумен және ғажайыпты күтумен өтеді. Барлық қалауларыңыздың орындалуына тілектеспін. Біздің еліміздің мақсаты – Мәңгілік ел болу, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Біз елімізді дамытып, оның халықаралық аренадағы беделін көтеруге ұмтылуымыз керек. Аға буын, соның ішінде сендердің ата-аналарың нақ сол үшін және Қазақстан жастарының игілігі үшін жұмыла еңбек етуде. Біз туған елді, оның астанасын, таулары мен сай-саласын, орманы мен даласын, өзендері мен көлдерін сүйеміз. Осының бәрі – біздің Отанымыз, – деді Қазақстан Президенті.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаға мықты денсаулық, оқу мен еңбекте табыс, игілік пен бақ-береке тіледі.

Бірнеше жылдан бері Бас шыршаның жаңажылдық шамдары қыстың алғашқы күнінде жағылып келеді. Биыл 25 метрлік Бас шырша «Хан Шатыр» СОО алдындағы мұз қалашығының аумағында орнатылды, бұл оның басты ерекшелігі болып табылады.

Мерекелік думанға 2300-ден астам мектеп оқушысы, сондай-ақ қаланың белгілі шығармашылық ұжымдары қатысты. Бойшаң қуыршақтар, барабанды шоу, аққалалар оркестрі және, әрине, Аяз ата мен Ақшақар баршаны алдағы мерекелермен құттықтады.

Бүгінгі салтанатты шара елімізде өтетін барлық мерекелік іс-шаралардың бастауы болды. Бас шыршаның шамдары жағылған соң, іле-шала Астананың әр түкпірінде тағы да 40 шыршаның, сондай-ақ Қазақстанның барлық қалаларында шыршалардың шамдары жағылды. Елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін қысқы кезеңде өткізілетін мәдени іс-шаралар әралуан. Демалыс күндері мұз қалашықтарда концерттер, спорттық жарыстар, мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сыныптары, флэш-мобтар, жәрмеңкелер мен т.б. қызықты бағдарлама көпшілік назарына ұсынылады. Сонымен қатар, барлық мәдени мекемелер мен оқушылар сарайларында түрлі мерекелік бағдарламалармен жаңажылдық ертеңгіліктер ұйымдастырылмақ.

Елорда желтоқсандық мерекелерге — ҚР Тұңғыш Президенті күні, еліміздің бас мерекесі — Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мейрамына дайын.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9526
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше