"Құстар фестивалі" фарс- комедиясы
Оқыған мен көргеннің қайсысы әсерлі? Шығарманы сахнаға алып шыққанда кітаптағыдай жеткізе ала ма? Оқып отырғанда сол нәрсені көз алдына өз қиялымен елестететін оқырман сахнадан сол шығарманы көргенде көңілі қалатындай жағдай болмай ма?! Әрине, болады. Оқығанда керемет деп ойлаған шығармаңды театрға барып көрсең мүлде басқа әсер алып қайтасың. Барлық кезде солай демеймін, театр сахнасында қойылып жатқан талай тамаша туындыларға тамсанып жүрміз. Бірақ, бұл жолы қалай болады екен?! Осы оймен жолға жүруге тура кеп тұрса да билетті ең кеш уақытқа алып, Мүсірепов театрында болатын Д. Исабековтың «Құстар фeстивалі» фарс- комедиясына бардық. Залдың толып отырғанына қарап сүйсіндік, көрерменнің басым бөлігі жастар.
Ал енді, қойылымға келейік. Әділетсіздік, мейірімсіздік, көре алмаушылық, түлкі бұлаңдық, күштінің әлсізді басынуы, өктемдік көрсетуі, айта берсең тізімін жасап біте алмайтын ақыр аяғы, атам заманнан белең алып шешімін таппай келе жатқан жемқорлық та бар бұл қойылымда. Жұмыр басты пенденің ортасында жиі болатын өмірдің осы тартыстарын фарс- комедия жанрымен (Фарс ─ көңілді әрі сатиралық бағытқа құрылуымен, өмірді шынайы бейнелеу тәсілінің нақтылығымен ерекшеленеді) құстарды кейіпкер ету арқылы жеткізіп берген. Ең жақсысы, кітаптағы шығармада да, сахнадағы спектакльде де ақыр аяғында әділет үстемдік құрады. Ешкімге залалы тимесе де жазықсыз жапа шеккен бұлбұл құс мақсатына жетеді. Қуандық. Әдемі әсер алдық. Бірақ шынайы өмірде қалай? Расында, әділет жағы басым түсе ма, әлде...? Бұл сұрақтың жауабын әлі таппадым. Дегенмен, қалай болар екен деп өзі ойнайтындай қобалжып барған көрерменнің көңілінен шыға білген, күлдіріп отырып ойландырған театр ұжымына алғыс айтамын! Оқыған мен көргендегі әсер бәрібір екі түрлі болады. Оқу да, көру де керек!
2 пікір