Қысқы безендіру мәселесі қаралды

Кеше қалалық әкімдіктің ғимаратында Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың басшылық етуімен әлеуметтік жарнаманы орналастыру және сыртқы безендіру жөнінде үйлестіру кеңесі өтті.

Жиын басында сөз алған Ермек Аманшаев алда маңызды күндер келе жатқанын ескертіп, қаланың қысқы безендірілуіне ертерек қамдану керектігін айтты.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов сыртқы безендіруге қатысты дайындалған жобалармен таныстырып, алқалы топтың назарына әлеуметтік тақырыптарда әзірленген жарнама нобайларын ұсынды.

Алдымен жиналған қауым «5 институционалдық реформа. 100 нақты қадам» бағытындағы жарнамаларды қарап, кем-кетігін талқылады. Бұл тақырыпта ұсынылған 12 жоба контентінің ішінен іліп алар бір-екі ғана нобай шықты.

Одан кейін ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керектігін насихаттайтын, алименттің уақытында төленуін еске салатын билборд жобалары қаралды. Сонымен қатар, «Балалар үйін думанға бөле», «Мен өмірді таңдаймын» атты тақырыптағы нобайлар мәтіні сыналды.

– Көрсетілген әлеуметтік жарнама нобайларының әлі де жетіспей тұрған тұстары баршылық. Таңдалған суреттің сапалылығына және тақырыппен үйлесуіне мән беру керек. Сондай-ақ, мәтіннің сауаттылығын ыждаһаттылықпен қадағалау қажет. Сыртқы жарнама мәтіні оқылғанда тілге жеңіл, оңай жатталатын болуы шарт, – деді Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Кеңес барысында пиротехникалық заттардан абай болуға үгіттейтін жарнамалар да таныстырылды. Алайда, ұсынылған әлеуметтік жарнамалар бірауыздан қолдау таппай, қайта қаралсын деп шешілді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше