Әуежайдың қысқа әзірлігі
Қатал маусымдағы қаланың қарбаласы қар тазалаумен ғана шектелмейді. Боранды күн әуежай қызметкерлерін де әжептеуір әуре-сарсаңға салады. Әсіресе, ауа райы қолайсыздығынан рейстердің кешігуі мен кейінге шегерілуі жиі қайталанады. Осындай келеңсіз жағдайларға барынша жол бермеуге тырысатын Астана әуежайының қысқа дайындағы жақсы.
Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейтін Астана халықаралық әуежайында күзгі-қысқы кезеңге дайындық бойынша бірнеше іс-шара өткізілді. Аталған жоспар аясында әуеайлақтың жасанды жолдары қалпына келтіріліп, ұшу алаңының таңбалары қайта боялды. Сондай-ақ, ұшу-қону жолағындағы сигнал жарықтары ауыстырылып, барлық қосалқы стансаларда техникалық жөндеу жүргізілді.
– Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай қазір мына ұшақтың қос қанатын екі жақтап арнаулы техникалар майлап жатыр. Бұл – әуе кемесінің сыртына мұз қатып қалмау үшін жүргізіліп жатқан үдеріс. Небары 15-20 минуттың ішінде көз алдарыңыздағы ұшақ мұздануға қарсы сұйықтықпен шайылып шығады. Ал, осы шаруаны атқарып жатқан негізгі жұмыс күші – машиналардың барлығы шетелден әкелінген. Биыл қысқа дайындық барысында осындай техниканың саны жетеуге жетті, — дейді әуежайдағы өндірістік-диспетчерлік қызмет бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Шұғаев.
Оның айтуынша, әуеайлақта ескі техникалар мүлдем жоқ. Машиналардың жұмыс істеу уақыты – кем дегенде 7 жыл. Әуежай жолақтарды айқындайтын, ұшу алаңын тазалайтын және тағы басқа бірнеше қызмет атқаратын 200-ден аса заманауи техникалармен жасақталған.
Қолайсыз ауа райына байланысты рейстерде кідіріс бола қалғанда, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету жағы да қарастырылған. «Эйр Астана» әуекомпаниясының өкілі Гүлнар Сәтбаева рейс екі сағаттан артық кешіксе, жолаушылар сусынмен, ал, төрт сағатқа іркілсе, ыстық тамақпен қамтылатынын айтады. Сондай-ақ, ұшақ он сағатқа кешігіп немесе түнгі уақытқа қалып қойса, күтушілер қонақүйге орналастырылады. Мәселен, шетелдегі жолаушыларымыз мұндай жағдайда мынадай қонақүйлерде түней алады екен: Амстердамда – «Рark Plaza», Лондонда – «Park Inn», Франкфуртта «Radisson Blu», Куала-Лумпурда – «Rennaissance», Бейжіңде – «Beijing Ritan Hotel», Гонконгта – «Ske city Marriot», Мәскеуде «Maxi», «Sheraton» қонақүйлері.
Биыл рейс кешігуі салдарынан 600-ден аса жолаушы осындай қонақүйлерге жайғастырылыпты. Гүлнар Сәтбаева бұл көрсеткіштің алдыңғы екі жылға қарағанда едәуір кемігенін мәлімдеді.
Бүгінде Астана әуежайында 19 әуекомпания 38 бағыт бойынша рейстерді орындайды. Биыл 10 айдың ішінде 20 166 рейс жүргізілген. Оның кешіктірілгені – 1 473.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Пікір жоқ әзірше