20 бойжеткен «Астана аруы» байқауының финалына өтті

Астана жаңалықтары: 20 бойжеткен «Астана аруы» байқауының финалына өтті

12 қараша күні Конгресс-холл сарайында «Астана аруы-2015» сұлулық байқауының ақтық сыны өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең жасы 16 жастағы оқушы мен 23 жасқа дейінгі студенттер арасынан 20 бойжеткен «Астана аруы» тәжіне «таласады».
«Астана-аруы-2015» байқауының бас жүлдесі мен үш орнын иеленген қыздар «Қазақстан аруы» жарысына жолдама алады. Айта кетерлігі, 2008 жылдан бері елорданың сұлуын таңдайтын жарыс цирк ғимаратында, әртүрлі сауда орындары мен қонақ үйлерде өткізіліп жүрді. Биыл қала әкімдігінің қолдауымен сұлулық жарысы Конгресс-холл сахнасында өтеді. Әдемі шоу ұйымдастыру үшін белгілі қоюшы режиссер Светлана Грабовскаяны шақырдық»,-дейді осы байқауға орай өткен баспасөз мәслихатында «Астана аруы» конкурсының директоры Ольга Радеш.

Ал қоюшы режиссер Светлана Грабовскаяның айтуынша, ол қыздарды төрт негізгі кезең бойынша сахнаға дайындап жатыр. «Қыздар конкурс ережесіне сай, төрт кезең бойынша сахнаға шығады. Алдымен өздерін таныстырады, екінші кезеңде ұлттық әшекейлерді тағып шығады. Үшінші кезеңді әзірге құпия сақтауды жөн көріп отырмын. Төртінші кезеңде қыздарымыз әдемі кешкі сән көйлектерін көрсетеді»,-дейді қоюшы режиссер.

Жалпы, биыл «Астана аруы» конкурсының кастингіне 200 бойжеткен қатысқан. Соның ішінен іріктелген 20 бойжеткен күніне 7-8 сағаттан, үш апта бойы тынымсыз дайындалып жатыр екен.

inform.kz/kaz/article/2837600
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше