«Шабыт» фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Елордалық Конгресс-холлда «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Фестивальдің басты сыйлығы – ел Президентінің Кубогы мен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа бір ауыздан «Классикалық музыка. Скрипка» номинациясының бас жүлде иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Мақсат Жүсіповты лайық деп тапты. Биылғы жылы фестивальге 388 өнерпаз сайысқа түсті. Жеңімпазды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев марапаттады.
«Шабыт» – нағыз өнер додасы. Фестиваль сахнасында тек Қазақстанның ғана емес, шетелдің үздік өнерпаздары да өнер көрсетіп келеді. Мақсат бүгін айтарлықтай жеңіске жетті, бұдан былай да осындай жетістіктері көп болсын», – деді Ермек Аманшаев.
Биылғы фестивальде алғаш рет өткізіліп отырған спорттық бал биі сайысында Красноярлық (Ресей) жұп Роман Зотодов пен Анна Позднякова жеңімпаз атанды.
«Халықтық музыка» номинациясының домбырамен ән айту категориясында бас жүлдеге Жақсыгелді Маясаров ие болды. Үздік домбырашы атағы мен медальді астаналық Сәкен Бекжанов иеленді.
«Бейнелеу өнері» номинациясында қазылар алқасының назарына ұсынылған 150 жұмыстың ішінен мүсін категориясында павлодарлық Данияр Сарбасовтың туындысы, сәндік-қолданбалы өнерде атыраулық Алтынбек Есенғазиевтің жұмысы үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды.
Академиялық ән айту категориясында астаналық Шахризада Тыныштық бас жүлдені иеленді. «Фортепиано» бойынша бас жүлдені алматылық Рабиға Дүйсембаева алса, «альт, виолончель, контрабас» категориясында Павел Романенко бас жүлдеге лайық деп танылды. Цирк өнері номинациясында Алматыдан келген Қазақ мемлекеттік циркі командасы үздік атанды.
Гала концертте фестивальдің тәлімгерлері, қазылар алқасы мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
astana.gov.kz/kk/modules/material/9405
Пікір жоқ әзірше