Самса самсамды шығарды...
Кеш жарық! Бүгін бір жұма өтті. Иә, иә, бір жұма бойы ұялы телефонымсыз жүрмін. Оқиғаның желісін білмейді екенсіздер, ендеше өкпе назымды тыңдауға (нақты айтқанда оқуға) дайын болыңыздар.
Басында бәрі сол баяғынша кешегі күндей тап-тамаша басталған еді. Екі студент қыз (мен және құрбым) бірінші парадан шығып, келесі корпусқа жол тарттық. Себебі сабақ сонда. Екеуміз де таңғы ас ішпей келіппіз. Уақытқа қарасақ, ерте. Универдің асханасы аздап қымбаттау, сондықтан өзіміз білетін арзан да дәмді тағамдар сататын мини-супермаркетке кірдік. Дүкеншілер атымызды білмесе де түрімізді жаттап алған. Туған тәтелеріміз сияқты. Аталмыш дүкенде өте дәмді самсалар әкеледі. Самса аламыз деп, кезекте тұрмыз. Менің әмияным сөмкеде, қолымда ұялы телефоным. Дүкеншіге ақшаны беру үшін, телефонды қалтаға салып, ақшаны әмиянымнан ала бастадым. Сол мезетте біреу мені сипап өткендей сезім пайда болды. Басында түсінбедім. 10-15 секунд өтті ме, өтпеді ме есімді жиып, қолымды қалтама салғанда Galaxy e5-тан айырылғанымды түсіндім. Жүгіріп барып, сыртқы есіктен шыға жөнелдім. Бірақ екінші шығар есік барын ұмытып кетіппін. Болжам бойынша солай шығып кеткен болуы керек. Абырой болғанда құрбым қасыма жақындаған кісіні көріпті. Ең қызығы ұрлықшы — ҚАРИЯ! Бұл шамамен түс кезі. Дереу ішкі істер бөліміне арыз жазуға бардым. Сондағы «политиканы» көргенде төбе шашым тік тұрды. Мені жас қыз деп, өздерінше елемеді. Әлбетте, олар үшін бұл ұсақ түйек шаруа айфон емес жай ғана сотка, сау бастарына сақина тілегісі келмеді. Бірақ мен студентпін ғой! Маған әр зат қымбат. Бөлімшеге кіргенде менің нөмерімді ғана жазып алды да «сабағыңызға бара беріңіз»,- деді. Арызды жазғызбады. Анау-мынау құрбым сипаттаған қарияны білеміз деп уақытты созды. Сабағыма оралдым. Маған ватсаптан суретін жіберді, ол емес болып шықты. Ең қызығы енді басталады олардың аты-жөнін сұрағанда «это служебная тайна» десін. Мәә, енді ішкі істердегі қызметкерлерінен атын сұрауға да болмайды екен. Ал лауазымын сұрағанда не деп жауап берер еді?? Басында сөздермен сындырып, сұрақтарымнан қашты.
Өзім алғаш рет полиция бөлімшесіне кіріп тұрмын. Аса қатты ештеңе білмеймін.Түрім балаға ұқсағанға бола, менімен қалжыңдасқаны нес?! Жұмыс орында кілең жастар! Ал, этикасы тіпті керемет. Үндемегенім жөн. Шыдамай, ағама нөмірлерін бердім. Сөйтіп, түсте арыз жазамын деп келген мені, тек кешкі сегізде ғана жазғызды. Ұялы телефондарыңызды жоғалтпаңыз. «Волокитасы» көп екен. Нәтижесі, бір айдан кейін белгілі болады. Бұл маған үлкен сабақ! Тапса табылды, табылмаса садақа болмақ!
Ұрлық жасаған қарияны, аздап аяймын. Жеті күн өтті. Соткамды өзгеге сатып жіберген шығар. Ақша не істетпейді! Қазір «жүздің басын қосқан» доллардың кесірінен бәрі қымбаттап барады. Күн көру қиын. Міне, осындай жағдаяттар да басымнан өтті.
Құрбыңның ватсабына ма?