Елорданың жедел медициналық жәрдем қызметі жетілдіріледі

Астана жаңалықтары: Елорданың жедел медициналық жәрдем қызметі жетілдіріледі

Жақын арада Астана қаласында заманауи жедел медициналық жәрдем қызметін құру туралы кешенді жоспар құрылмақ. Қазіргі жедел медициналық жәрдем қызметі астаналарға тән талаптарға сай емес және ол жаңғыртуды қажет етеді. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде Әділбек Жақсыбеков мәлімдеді.

«Біздің барлығымыз медициналық жедел жәрдем қызметі жұмысының дұрыс ұйымдастырылмағаны себепті зардап шегіп келеміз немесе зардап шегуіміз мүмкін. Дәл қазір бұған басқаша қырынан қарау керек», – дей келе, елорда басшысы аталған жұмысқа қатысы бар барлық басқармаларды жұмылуға шақырды.

Кешенді жоспар жаңа жедел медициналық көмек қызметін жаңаша кейіпте көрсетеді және ол Қазақстан астанасының жоғары стандарттарына сай болмақ. Сондай-ақ, жоспарда инфрақұрылым, техникалық жабдықтау, көлікпен қамтамасыз ету, кадрлық құрылым және осы қызметтегі мамандардың тұрғын үймен қамтылуы мәселелері қарастырылады. Бұдан өзге, ең басты назар шұғыл түрде оқиға орнына жөнелтілген көлік қозғалысын және аулаішілік алаңдарға кіретін жолдардағы қозғалыс жүйесі жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметінде түнгі уақытта жұмыс істейтін қызметкерлердің балаларына арналған балабақша ұйымдарының мәселесі шешімін таппақ. Аппарат кеңесінде теміржол вокзалы жұмысы сөз болды. Жаңа теміржол вокзалының құрылысына байланысты ескі вокзал да көзден таса қалмау керектігі айтылды.

Ә. Жақсыбеков өз сөзінде вокзалдың жағдайы астананың деңгейімен сәйкес болуы шарт, сонымен бірге, қызмет сапасы мен вокзал маңындағы ақылы көлік тұрағына да назар аудару керек екендігін атап өтті.

Апта сайын әкімдікте өтетін аппарат кеңесінде азаматтардың өтініштері бойынша мәселелер қаралады. Соның бірі қаладағы интернет сапасына соңғы уақытта шағымдар жиі айтылуда. Сигнал мен жылдамдықтың нашарлауы, үзілуі тұрғындардың наразылығын тудыруда. Бір аптаның ішінде «Астанателеком» ұсынып отырған қызметке талдау жасалып, келесі аппарат кеңесінде қаралатын болды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9409
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше