Елордада «Жол қозғалыс қауіпсіздігі апталығы» өтеді
Жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісі Бүкіләлемдік жол көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Биыл бұл атаулы күн 15 қарашаға тұспа-тұс келіп отыр.
Елордада 9-15 қараша аралығында «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» республикалық кең ауқымды іс-шарасы өткізіледі.
Биылғы жылдың 10 айында жол апатынан 46 адам қаза тауып, 600-ден астамы жараланған. 100 апаттан 3 бала көз жұмып, 108 бала түрлі дәрежеде жараланған.
Әкімшілік полициясы басқармасы Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында қалалық әкімдіктің және мүдделі мемлекеттік органдардың қолдауымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне халықтың назарын аудару үшін бірқатар профилактикалық шаралар жүргізеді.
Осылайша, елорданың барлық мектепке дейінгі мекемелер және жоғары оқу орындарында көшелер мен жолдарда жол-көлік жарақатын алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады. Колледж студенттері арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шығармашылық жұмыстардың байқауы ұйымдастырылады.
Аталмыш шара аясында Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Өзара түсіністік күні» акциясы өтеді. Бұл күні құқық бұзушыларға әкімшілік хаттамалар жолда жүру ережелерін өрескел бұзған жағдайда ғана толтырылады, ал басқа жағдайларда үгіт-насихаттық көрнекі құралдарын тарату арқылы ауызша ескертумен шектелетін болады. Сонымен қатар жүргізуші әйелдер арасында «Автоледи» сайысы өткізілмек.
Жексенбі күні, 15 қарашада сағат 10.00-нан бастап Бүкіләлемдік жол көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күніне орай елордада бұқаралық жаппай жүгіру ұйымдастырылады. Шараға кез келген адам қатыса алады. Акция соңында ақ шарлар аспанға жіберіледі.
Әкімшілік полиция басқармасы астаналықтарды аталмыш шараға қатысуға және жолда мұқият болуға шақырады.
astana.gov.kz/kk/modules/material/9407
Пікір жоқ әзірше