Астанаға алғашқы қар түскелі 25 мың шаршы метр қар күрелді

Астана жаңалықтары: Астанаға алғашқы қар түскелі 25 мың шаршы метр қар күрелді
Қысы ерте түсетін елордада соңғы күндері дамылсыз қар жаууда. Жағдайға сәйкес қар күреу шаруасына жұмылдырылған жұмысшылар тобы мен арнаулы техникалар тәулік бойы тынбай тынымсыз еңбек етуде. Қаланың қысқы маусымға қаншалықты дайын екендері алғашқы қар түскен кезден-ақ аңғарылады. Әзірге дер кезінде тазаланған жолдарға қарап, коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жұмысына жақсы баға беруге болады.

– Қысқа тыңғылықты дайындығымыздың арқасында бұл қарбалас шаруаларды ойдағыдай жайғастырып жатырмыз. Қазіргі таңда қар қалың түсіп жатқан жоқ. Сондықтан жұмыс күшімізді барынша жұмсап отырған жоқпыз. Мысалы, бүгін қар тазалау жұмысына қала бойынша 483 техника мен 1500-ден аса адам тартылды. Егер күн райы мінез көрсетіп, қатты қысым түсіп жатса, сайлаулы тұрған 800 техникамызды түгел іске қосамыз, — дейді Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тимур Әбіжанов.
Оның айтуынша, канадалық инвесторлар есебінен жақында Астанаға жаңа техника әкелініпті. Бұл машиналардың қолданыстағы көліктерге қарағанда қар тазалау қуаты әлдеқайда жоғары екен. Алдағы аптада мұндай техника түрінің тағы екеуі жұмысқа жегілмек.
– Бізге Қазақ Елі монументінің айналасы белгіленіп берілген. Менің қол астымда 30 адам жұмыс істейді. Таңертең сағат алтыдан бастап екі қолға бір күрек алып, іске кірісіп кетеміз. Астананың ауа райына етіміз үйренген. Жазда да осы маңайдың тазалығы – біздің мойнымызда. Сондықтан әрбір тасы әбден таныс болып қалған осы жерде бір маусымнан екінші маусымға ауысу бізге қиынға соға қоймайды, – дейді Тәуелсіздік көшесі мен Ж.Нәжімеденов көшесі аймағындағы жұмысшылар тобының жетекшісі Айдос Томанов.
Астанаға алғашқы қар түскелі бері 25 мың шаршы метрден аса қар күреліпті. Енді екі-үш күннің ішінде қала толықтай қардан тазаланады. Қазір жұмыстың 70 пайызы орындалған.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше