Жасампаз қаланың "Жасыл орамы"
Шаһардағы қарқынды құрылыс – елорданың қарыштап дамуының айшықты айғағы. Әлем көз тігетін «ЕХРО – 2017» көрмесіне дейін салынып бітуге тиіс Астанадағы алабөтен ғимараттар күннен-күнге қала тұрғындарының көз алдында еңсе көтеріп, тұлғаланып келеді. Солардың бірі – «Ханшатыр» СОО аумағындағы «Жасыл орам» бірегей жобасы. Осы аптада «таңғажайып» тұрғызылып жатқан құрылыс алаңына арнайы барып, қандай «жасыл» технологиялармен жасақталатынынан хабардар болдық.
Сығанақ көшесін бойлай «Ханшатырдан» ары қарай жол жүре қалсақ, оң жақта жағалай жайғасып жатқан зеңгір нысандарға еріксіз назарымыз ауады. Құрылыс алаңының сыртындағы жапсырмаларда бейнеленген ертегі қалашықтың суреті қоршаудың арғы бетінде шындыққа айналуда.
Қазірдің өзінде салынып қойған электркөліктерді қуаттандыратын бекет энергия мен суды 20 пайызға дейін үнемдейтін ғажайып кешеннің шынында да экологиялық тұрғын алабы болатынына көзімізді жеткізе түсті. Осындай «ток құю» бекеті тұрғанда, кеше ғана әлемді елең еткізген электр қуатымен қозғалатын көліктердің енді елорда көшелерінде зырғуы да заңды.
«Жасыл орам» жобасының ерекшелігі, онда энергия үнемдеудің тың технологиялары қолданылады. Ойыңдағыны артық күшсіз әп-сәтте орындайтын «ақылды» құрылғылармен кемеліне келетін кешеннің келешегін құрылыс алаңындағы үш қабатты Шоу-румнан көрдік. Қазақшалағанда көрсетілімдер бөлмесі мағынасын беретін бұл ғимаратта «Жасыл орам» жобасының жетекшісі Ерболат Мұқашев бастаған бір топ компания өкілдері бізге жобаны жан-жақты таныстырып шықты.
Қазақстандағы халықаралық «LEED» стандартына негізделген тұңғыш тұрғын үйдің озық технологиялары энергия тиімділік пен экологиялық талаптарға толықтай сай болмақ. «Ақылды үй» жүйесі туралы егжей-тегжейлі баяндаған төменағымды желі маманы Тілек Нүкежанов үйдегі бүкіл тұрмыстық техникалық заттар мен камераларды бір смартфон арқылы басқаруға болатынын айтып, үлгі ретінде мәжіліс залында эксперимент жасады.
Бізді бәрінен бұрын таң қалдырғаны, бір сәтте бұлыңғыр және тұнық күйге ене алатын ғимарат терезелері. Яғни, мұндай сиқырлы терезе барда пердені де, жалюзді де түріп, жауып әуре болмайсыз, тек бір тетікті түртсеңіз жеткілікті. LC технологиясына лайықталған «Ақылды» терезелер 1/1000 секунд ішінде бұлыңғыр қалыптан тұныққа, ал 1/100 секундта тұнықтан бұлыңғырға ауыса алады.
Сондай-ақ, еденге төселетін плиталар да адам жүрісінен кинетикалық энергия жинайды. Сынақ үшін осы арнаулы еденнің үстімен ары-бері жүріп көрдік. Әр қадамымыздан кем дегенде 5 джоуль қуат пайда болады екен. Бұл жүйенің үйді жарықтандыруға жұмсалатын энергияны әжептеуір үнемдеуге септігі тиеді.
– Ғимараттың қасбеті де энергия тиімділік талабына сай шынылармен қапталады. «Schuco» витражды жүйесінің үш қабатты әйнектері күн жылуын ішке өткізбей, бөлме температурасын сақтап тұра алатын және энергия жинағыш қасиетке ие, — дейді қасбет жүйесі жетекшісі Анатолий Пулов.
Шоу-румнан шыққан соң бізді Ерболат Мұқашев құрылыстың қайнаған ортасына бастап барды. Жан-жағы темір тормен қоршалған арнаулы құрылыс лифтісімен нысанның ұшар басына көтерілдік. Төбеден төменге қарап тұрып, «жасыл» қалашықтың орналасу аймағының сәтті таңдалғанын байқадық.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, күн күрт суытса да, бұл жердегі жұмыс баяулаған жоқ. Жоспардағы жасанды көл де белгіленген орынға орналасып қойды. «Жасыл» аулаға әр беретін бұл көлдің табиғи көлден айырмашылығы болмайды. Көзді ашып-жұмғанша суы мөлдір, қамыс-құрағы жайқалған, жағасында аққу-қаз жүзген көлге айналып шыға келеді, — дейді «Жасыл орам» жобасының басшысы.
Жалпы аумағы 20 гектар жерді алып жатқан құрылыс алаңы бірер жылда қаланың ажарын одан сайын айшықтай түспек. Қазір осы арада еңбек етіп, нәпақасын тауып жүрген құрылысшылар «Осының өзінде «ақылды» жүйенің игілігін көріп жатырмыз. Жұмыс алаңынан өзге асханада, жатын орнымызда заманауи технологиялар ісімізді жеңілдете түсті» деп ондағы қолайлы жағдайға разы екендерін жеткізді.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Пікір жоқ әзірше