Астана жұмыспен қамту бойынша көшбасшы орнында

Астана жаңалықтары: Астана жұмыспен қамту бойынша көшбасшы орнында

Қазақстан бойынша жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіші елордада тіркелген. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде жұмыссыздықты алдын алу шараларына бойынша өткен баспасөз мәслихатында елорда әкімдігінің өкілдері мәлімдеді.

— Жұмыссыздықпен күресуге бағытталған іс-шаралардың арқасында жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызға төмендеп, 4,6 пайызды құрады. Бұл өз кезегінде бүгінде Астанаға көшбасшы орында тұрақтауға мүмкіндік берді, – деді Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ольга Демушкан.

Елорданың еңбек нарығында «2015 жылға арналған Астана қаласының жұмыспен қамту бойынша кешенді жоспары» жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, бос орындар жәрмеңкесі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елордада 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар, ай сайын бос орындар саны артуда.

— Жыл басынан бері 10 мыңға жуық адам өтініш білдірді. Оның ішінде 4,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, – деді Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар. Оның айтуынша, Жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіргендердің жалпы санының 95% жұмыспен қамтылды.

Брифинг барысында Астана қаласы кәсіподақ орталығының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев қаладағы кәсіподақ орталығының ағымдағы жағдайы мен жоспары туралы айтты. Бүгінгі таңда қалада кәсіподақ жұмысы мемлекеттік мекемелерде, теміржол, денсаулық сақтау, шаруашылық мекеме, мәдени, білім беру, энергетика және байланыс салаларында жүргізілуде. Бүгінгі таңда, құрылыс саласына ерекше көңіл бөлінуде, себебі, кәсіпорындардың көпшілігі кәсіподақ құруға ниет білдірмейді.

Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен құрылған үшжақты комиссия жұмыс орындарын сақтауда және еңбек нарығын реттеу мәселелерінде маңызды жұмыстар атқарады. Үшжақты комиссия – қала әкімдігі, кәсіпорын басшылары және елорданың кәсіподақ орталығы арасында құрылған. Жыл басынан бері алты комиссия отырысы өткізілді және оның жұмысы 19 ұйымда қызмет ететін 598 жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік берді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9372
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше