Астанада ТКШ саласындағы деректердің ашықтығы мәселелері талқыланды

Астанада ашық деректер бойынша кезекті дөңгелек үстел өтті. Бұл жолы іс-шара ұйымдастырушысы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ оған елорданың тұрғын үй-коммуналдық саласының өкілдерін: Астана қ. коммуналдық шаруашылығы басқармасы, тұрғын үй инспекциясы басқармасы, Астанаэнергосервис, Астана-АЭК, Gazcentr, Астана су арнасы, Астана-Теплотранзит, Астана-Тазалық және т.б. шақырды.
Іс-шараның мақсаты — болашақта жариялануға міндетті ашық деректер тізіміне кіретін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдарындағы деректерді талқылау болды, деп хабарлайды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметінен.

Дөңгелек үстел қатысушылары ашық деректердің негізгі идеясымен танысқаннан кейін олардың мекемелерінің қандай деректері халық арасында үлкен сұранысқа ие екендігі жайында хабарлады. Коммуналдық сала қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар көбінесе қала құрылысы, елорданың шалғай аудандарын жылу және сумен жабдықтауға қосу, жеке тұрғын үй құрылысына берілген учаскелерді электрлендіру мен газдандыру жоспарларына қызығушылық танытады.

Сонымен қатар кездесуде жылу, электр және сумен қамсыздандыру есептегіштеріндегі деректерді жинап, бірыңғай жүйеге біріктіру мәселесі талқыға салынды. Мобильдік қосымшаларды құрастыру жөніндегі компания өкілінің айтуынша, егер осы деректер құрастырушылар үшін ыңғайлы, яғни, машинамен оқылатын форматта ашық қолжетімділікте жарияланса, олардың негізінде өте пайдалы сервистерді жасауға болады. Мысалы, мобильдік қосымша айдың соңында барлық есептегіштерден көрсеткіштерді жинап, пәтер иеленушісіне олар үшін төлеу қажеттілігі туралы ескертетін болады.

«Gazcentr» ЖШС өкілінің ойынша, жылуға қосылмаған ауданда жеке баспана құрылысын жоспарлап жатқан азаматтар газдандыру туралы ақпаратқа ие бола тұра, отынның қай түрін таңдау керектігі жайында дұрыс шешім қабылдай алады.

Бұдан басқа, дөңгелек үстел барысында ПИК жұмысы жайлы мобильдік қосымшаны құру идеясы айтылды. Бұл қосымша тұрғындарға жөндеу жұмыстарының жүргізілетіндігі, су берілуінің тоқтатылуы туралы және т.б. туралы алдын ала ескертеді.

Жалпы, іс-шара ұйымдастырушылары ТКШ саласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен компаниялардың ашықтығын атап өтті.

Естеріңізге салсақ, ашық деректер — олардың негізінде пайдалы сервистерді құруға болатын, машинамен оқылатын және ары қарай жариялану үшін мемлекеттік және жеке сектордың белгілі деректерінің ашық қолжетімділікте болуы тиіс деген идеяны айқындайтын тұжырымдама. Бұл салада қатынастарды реттейтін заңдар ҚР Сенатында мақұлданды.

inform.kz/kaz/article/2835056
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше