Мемлекеттік хатшы Астананың рухани кемелденіп келе жатқанын айтты

Астана жаңалықтары: Мемлекеттік хатшы Астананың рухани кемелденіп келе жатқанын айтты

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жұмысымен танысты.
Г.Әбдіхалықова Ұлттық музейдің осыған дейін атқарған жұмыстарының есебін тыңдап, алдағы жоспарларымен танысты. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Талды-2 және Берел қорғандарынан табылған жәдігерлер жайлы ақпарат алып, Ұлттық музейдің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Отырар мемлекеттік археологиялық қорығы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мұражайларының «Тарихи жады және тағылым», сонымен қатар, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Ұлттық натюрморт» атты көрмелерін және «Мәңгілік ел» триптихын тамашалады.

«Астанадағы зәулім ғимаратымен, құнды жәдігерлерімен ерекшеленетін рухани орталықтарымыздың бірі – Ұлттық музей. Мұнда 198 мыңнан астам әртүрлі жәдігерлер бар. Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығыжәне Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай музейде көптеген игі іс-шаралар өткізілді. «Музейдегі түн» деген іс-шараның нәтижесінде бір түннің өзінде 23 мың адам музей тамашалауға келген. Мұндағы мазмұнды әрі бай жәдігерлер жиынтығы мәдениетіміздің ары қарай да дами беруіне үлкен үлес қосады деп сенеміз. Музейдің әрбір залы өзіндік бағытпен топтасқан. Сонымен қатар, мұнда көрмелер жиі өткізіліп тұрады. Мәселен қазіргі таңда «Ұлттық натюрморт» деген көрме болып жатыр екен. Ол Ассамблея жылына арналып ұйымдастырылып отыр. Осының барлығы түптеп келгенде Қазақстанның мәдениеті жоғары ел екенін, елордамыздың рухани кемелденіп келе жатқанын айқындайды», – деді Гүлшара Әбдіхалықова музейді аралап шыққан соң, журналистерге.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі 2014 жылғы 2 шілдеде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Ұлттық музей – Орта Азия аймағы бойынша теңдесі жоқ ең ірі музей. Архитектуралық өлшеммен алғанда, музей ғимараты әлемнің ірі экспозициялары ондығының қатарында тұр. Қазіргі кезде музейде 200 мыңға жуық экспонат бар, оның 12 мың 840 экспозицияда орналастырылған.

Музейдің жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді құрайды, оның ішінде экспозициялық алаң – 14 мың шаршы метр. Музейде Қазақстан тарихы, археологиялық алтын, этнография, заманауи өнер, Астана тарихы бойынша экспозициялар орналастырылған.

1 қазандағы мәлімет бойынша, Ұлттық музейді 379 533 мың адам (2014 жылғы шілде-желтоқсан аралығында 124 618 адам, 2015 жылғы қаңтар-қазан аралығында 254 915 адам) тамашалады. Ал 18 мамыр Халықаралық музей күнінде өткен «Музейдегі түн» акциясы кезінде бір мезгілде музейді 23 мың адам келіп көрді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше