Қазпочта мен Астана қаласының әкімдігі жаңа индекс жүйесін дамыту меморандумына қол қойды

«Қазпочта» АҚ Астана қаласының әкімдігімен әріптер мен сандардан тұратын жаңа индекстерді қолдану меморандумына қол қойылғанын хабарлады. Бұл меморандум қаланың индустриалды және инновациялы дамуы мен «Smart Astana» жобасы барысында іске асырылады.
Бүгін, «Astana Invest 2015» VI Халықаралық инвестициялық форумында, Астана қаласының әкімдігі мен «Қазпочта» АҚ арасында өзара қарым-қатынасты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Меморандум жаңа пошталық индекстердің қолдану қарқынын кеңейтіп, қаланың мекенжайлық тақталары мен карталарында белгіленуін қамтамасыз етеді.

«Қазіргі таңда жаңа индекстер жүйесі Астана мен Петропавл қалаларында пилотты түрде қосылған. Жобаның басталғанынан жаңа индекспен 17 мың конверт жіберілген. Индекс әр ғимаратқа тағайындалып, көшенің атымен байланыспағандықтан, пошташылар мен жедел көмек қызметкерлеріне ыңғайлы болады», — деп түсіндірді «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Жаңа жеті таңбалы пошталық индекс әріптер мен сандардан тұрады. Алғашқы таңба облысты, келесі екеуі қала мен ауданды, ал қалған төртеуі ғимаратты көрсетеді. Әркім өзінің жаңа индексін www.postcode.kz веб-сайтында мекенжайын енгізіп таба алады.

Айта кетейік, «Қазпочта» АҚ — почталық, қаржылық және логистикалық қызметтерді ұсынатын Қазақстан Республикасының ұлттық почта операторы.

inform.kz/kaz/article/2833811
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше