Үрімжі делегациясы Астанаға келді

Астана жаңалықтары: Үрімжі делегациясы Астанаға келді

Үрімжі қаласы ҚКП партиялық комитетінің хатшысы Чжу Хайлунь Астанаға ресми сапармен келді. Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков мейманмен елорда әкімдігі ғимаратында кездесті.

«Жеті жыл бұрын біздің қалалар достық қарым-қатынастың негізін қалаған болатын. Үрімжі Синьцзян-Ұйғыр автономдық аймақтың тек әкімшілік емес, сонымен қатар, экономикалық және өндірістік орталығы бола отырып, екі мемлекет кәсіпкерлерінің іскер байланыстарында маңызды орын алады. Сіздің Астанаға жасаған ресми сапарыңыз серіктестік қарым-қатынасымызға жаңа серпін береді деп сенемін» — деді кездесу барысында Әділбек Жақсыбеков.

Үрімжі өзінің географиялық орналасуының арқасында Қазақстан мен ҚХР арасындағы байланыстырушының ролін атқарады. Ланьсиньдік темір жолдағы ірі транзиттік пункт болып табылатын бұл қала арқылы қазақстандық кәсіпкерлердің Қытайдағы серіктестері арасындағы байланыстары жүзеге асырылады.

Оңтүстік қытайлық әуе жолдарының шешімімен Үрімжіден Астана мен Алматыға ұшатын әуе рейстерінің санын 10-нан 15-ке дейін арттыру, экономика, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық салаларындағы ортақ жұмыс, сонымен қатар, Қазақстан астанасының Қытайдың іскер және туристік орталарының ЭКСПО-2017 көрмесіне тартылуына қызығушылығы екі жақты қарым-қатынасты кеңейтіп, одан ары дамыта түсуге мүмкіндік береді.

Үрімжі қаласы ҚКП партиялық комитетінің хатшысы Чжу Хайлунь қонақжайлылық үшін алғыс білдіре отырып, елорда басшылығын Астананың жеткен жетістіктерімен құттықтады.

«Біздің сапарымыздың басты мақсаттарының бірі қалаларымыз арасындағы серіктестікті дамыту болып табылады. Біз бауырлас қарым-қатынастар ортануға келісім білдірдік, сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға үлкен мән береміз» — деді Ч. Хайлунь. Үрімжі қаласы ҚКП партиялық комитеті хатшысының айтуынша, Үрімжі қаласы делегациясы құрамында келген бизнес-қауымдастығы өкілдері баяғыдан Астанада жемісті еңбек етіп жүр.

ҚХР келген қонақтар тараптар арасында түрлі салалар бойынша тәжірибе алмасып, серіктестік орнатуға ұсыныс білдірді, сондай-ақ, Астанада ЭКСПО көрмесінің өтуі кезінде туристер ағымын ұлғайтуға қолдау көрсететіндіктерін айтты. Сонымен қатар, тараптар екі қала кәсіпкерлерінің тұрақты түрде кездесулерін ұйымдастыру мен бизнес-конференцияларды өткізу және Индустриалды парктегі Үрімжіден келетін қонақтар санының көлемін арттыру мәселелерін талқылады.

Бүгін Үрімжі делегациясы Астана дамуының Бас жоспарымен танысып, қаланың мәдени нысандарын көреді. Ертең, 29 қазанда, қонақтар «Астана Инвест — 2015» форумының сессиясына қатысып, Индустриалды парк нысандарын аралайды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9339
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше