Астаналық – белсенді тұрғын дегенді білдіреді

Астана жаңалықтары: Астаналық – белсенді тұрғын дегенді білдіреді

Елорданың әрбір тұрғыны туған қаласының тіршілік әрекеттеріне белсенді араласуы қажет. Бүгін Астана әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиналысында халықпен кері байланысты жақсартуға мүмкіндік беретін жұмыстың жаңа интерактивті әдістері туралы айтылды. Қазіргі уақытта тұрғындардың түйткілді мәселелерін дер кезінде шешуге әкімдік сайтындағы «Халықтық бақылау» мен «Виртуалды қабылдау» рубрикалары жақсы көмек көрсетуде. Дегенмен, болашақта «Белсенді тұрғын» арнайы мобильді қосымшасының пайда болуы, кейін тез әрі қолжетімді қылып дамытылуы көзделген.

Астаналықтардың өмірін қолайлы етуге бағытталған «ақылды қала» жобалары да қолжетімділік пен жылдамдыққа негізделген. Бұған дейін 15-і қараша күні «бір қоңырау» ұстанымы бойынша жұмыс істейтін Интеллектуалды байланыс-орталығының «пилотты» қосылуы туралы айтылған болатын, жоба негізінде қаланың барлық қызметтері тоғыстырылады. Келешекте аталмыш орталыққа қазіргі уақытта № 10 емхана негізінде жұмыс істейтін қала емханаларының біріңғай Сall-орталығы да қосылады.

Жалпы алғанда, жаңа технологиялар қаланың денсаулық сақтау мекемелерінде де енгізілуде. Олардың қатарында № 4, 5, 8 емханалар негізінде жұмыс істейтін электронды кезек, учаскелік дәрігерге алдын-ала жазылу жүйесін, еgov.kz сайты арқылы емханаларға тіркелу мен дәрігерді үйге шақырту жүйесін атауға болады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласын цифрлық қалыпқа көшіруге мүмкіндік беретін Астана қаласы тұрғындарының электронды паспорты жобасы әзірленуде.

Жуырда Францияда орын алған қайғылы жол-көлік апатына байланысты, Ә. Жақсыбеков Астана қаласындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі тұрақты әрі қатаң бақылауда болуы керектігін ескертті. Елорда жолдары арқылы қатынайтын жүк көліктерінің қозғалыс кестелері өзгертілуі қажет. Сонымен қатар, соңғы кездері жол ережелерін сақтамайтын қоғамдық көлік жүргізушілеріне көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. 14-16 қазан күні өткізілген «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ғана автобус жүргізушілері тарапынан 700 жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелген. Іс-шара қорытындысы бойынша 20-дан астам автобус техникалық жарамсыз деп танылып, оларды пайдалануға тыйым салынды.

Айта кету керек, бұл тұрғыдан алғанда қоғамдық бақылау мен қалалық құрылымдар жұмысы нәтижелі. Әлеуметтік желілер мен қала әкімдігі сайтын пайдалана отырып тұрғындар жолдағы заң бұзушылық фактілері туралы полицияға дереу ақпарат жеткізіп көмектеседі. Болашақта Астана қаласында ақылы тұрақтарды ұйымдастыру кезінде де мұндай тәжірибені пайдалану ұсынылып отыр. Бүгін, сондай-ақ, жаңа жаяу жүргіншілер аумақтары мен қоғамдық жерлерде сауда жүргізу орындарын құру мәселелері талқыланды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9323
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше