Ұлттық банктің Астанаға көшуі кейінге шегеріледі
Астанаға инвестмент-банкинг көшеді, ал банктік ритейл, сақтандыру компанияларының ритейлдері қазіргі қаржы секторында қалады, себебі Алматының аумағында 2-3 млн адам тұрады. Бұл туралы баспасөз мәжілісі барысында ҚР Ұлттық банкінің басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті деп, хабарлады Bnews.kz сайты
– Әзірге көшпейміз. Жалпы Астанада халықаралық қаржы орталығын құру бүгінгі күні Қазақстанда әлі дамымаған басқа қаржылық қызметтердің қор нарығын қалыптастыру үшін қолға алынды. Оларды атап айтар болсақ, қоғамдық және жеке капиталды басқару, ислам қаржыландыруы, болашақта халықаралық нарықтарда зейнетақы қаржысын басқару қызметтері. Бұл алдағы 5-10 жылда дамыту қажет қаржы саласының басқа бөлігі. Банктік ритейл, сақтандыру компанияларының ритейлдері қазіргі қаржы институттарында, қазіргі қаржы секторында қала береді, себебі Алматы маңында 2-3 млн халық тұрады, барлық ритейл осы жерде, барлық басқарушы бөлімдер, — деді Қайрат Келімбетов.
Ол сондай-ақ қаржыны үнемдеу мақсатында Астанаға көшу біршама уақытқа кейінге шегерілетініне Үкімет түсіністік танытып отырғанын атап өтті.
– Біз көшуге асықпаймыз және осынау екі хабтың арасында ешқандай антагонизм болмайды. Бір хаб қалыптасқан жүйе бойынша банктік сақтандыру қызметін атқарады және ол Орталық Азияның бизнес-хабына негізделген. Екіншісі біздің Кеден одағымен, ШЫҰ-мен әрекеттестігіміздегі аймақтық аспектіге негізделген және біздің қолымызда бар үлкен капиталдың (шамамен 100 млрд доллар) базасында инвестиция тарту мақсатын көздейді. Ұлттық банктегі жұмыс бұрынғы қалыпта жүріп жатыр және Үкімет бұл мәселеге түсіністікпен қарауда, қаржыны үнемдеу мақсатында Астанаға көшу, құрылыс жүргізу талабын ешкім қойып отырған жоқ. Бірақ Президенттің Жарлығы бар, онда Ұлттық банктің белгілі бір бөлімдерін белгілі бір уақытта көшіру мәселесі айтылған. Яғни, ритейл мен банкинг осында қалады, ал инвестмент-банкинг, оның белгілі бір түрлері Астана халықаралық қаржы орталығына көшіріледі. Сондықтан көшкісі келмейтіндерден құр бос алаңдамауларын сұраймын, — деп қорытты Ұлттық банк басшысы.
Пікір жоқ әзірше