«ЭКСПО» көрмесіне дайындық жұмыстары пысықталды
Қалалық әкімдіктің кеңейтілген жиналысында елорда басшысы Әділбек Жақсыбеков пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК төрағасы Ахметжан Есімов еліміз үшін үлкен сын болғалы тұрған алдағы халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындықтың жай-күйін және оны өткізуге байланысты туындайтын мәселелерді талқылады деп, хабарлады «Астана ақшамы» газеті.
Басқосу барысында айтулы шараға қатысты атқарылып жатқан шаруалар туралы тиісті ведомство өкілдерінің есептері тыңдалды. Атап көрсетерлік бір жайт, жоғарыда аталған тараптар арасында ұзын-саны 50 іс-шара енгізілген жұмыс жоспары әзірленген. Сонымен қатар, бас шаһардың барлық қызметтері мен ұлттық компанияның бірлесе әрекет етуіне негіз болып отырған әріптестік Меморандумы шарттары ойдағыдай орындалуда.
«Бізді үлкен де жауапкершілікті жұмыс күтіп тұр. Осы орайда Ұлттық компания мен қалалық әкімдікке қарасты мекемелер өз мақсаттарын бір арнаға тоғыстыруы қажет. Өйткені, алдымызда жұмыла атқарылуға тиіс ортақ міндеттер тұр» деді елорда әкімі.
Құрылыс жұмыстарын жүргізу кестесіне сәйкес ЭКСПО нысандары 2016 жылы салынып бітуі керек. Бүгінде Астана әкімдігі көрмеге әзірлік аясында қаланың инфрақұрылымы мен елордалық сервис сапасын жақсарту, сондай-ақ, ақпараттық насихат пен шет елдерден туристерді тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. ЭКСПО кезінде жүзеге асырылатын шаралар легіне ерекше көңіл бөлінуде. Көрме болып жатқанда әлем астаналары күнін, әртүрлі фестивальдер, концерттік бағдарламалар, халықаралық конкурстар, спорттық жарыстар мен бизнес-форумдар ұйымдастыру жоспарланған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағы да назардан тыс қалмақ емес.
Логистика мәселесі де айрықша маңызға ие. Сондықтан қазіргі уақытта халықаралық әуежай терминалын кеңейту, темір жол вокзалы мен жеңіл рельсті көлік жолақтарын салу секілді бірқатар ірі жобалар іске қосылуда. Бұл ретте елорда меймандарын қабылдағанға дейін навигация жүйесі де жақсартылады.
Қазанның 31-і күні Миланда ЭКСПО-2015 өз жұмысын аяқтап, Астанада ЭКСПО-2017 туын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтеді. «Сол мезеттен бастап бүкіл назар біздің көрмеге ауады. Аса ауқымды «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге барлық мемлекеттік органдар мен облыстар атсалысатынына қарамастан, негізгі ауыртпалық Ұлттық компания мен елорда әкімдігінің мойнына түседі. Көрмені дұрыс өткізу үшін біздің арамызда өзара түсіністік пен сенімді серіктестіктің болуы өте маңызды» деді жиында сөз сөйлеген Ахметжан Есімов.
Пікір жоқ әзірше