«Бәйтерек» монументі БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған акцияға қатысты

Астана жаңалықтары: «Бәйтерек» монументі БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған акцияға қатыстыБіріккен Ұлттар Ұйымының жетпіс жылдығына орай өткізілген «Әлемді БҰҰ-ның көгілдір түсіне боя» атты жаһандық акция аясында Астанадағы «Бәйтерек» монументі осы науқанға қосылды. Бұл тұрғыда елорданың символы ұйым мерекесіне орай БҰҰ-ның туы түстес көгілдір жарықтармен түрленді.
Атап айтқанда, бұл акцияға 200-ден астам әлемдік танымал ғимараттар, мұражайлар, көпірлер және басқа да нысандар қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл науқанға қатысу — дүниежүзінің азаматтарын біріктіруге, бейбітшілік пен даму және адам құқықтары туралы үндеуді таратуға жәрдемдесуге, сондай-ақ барлығына ортақ лайықты өмір сүру мен гүлдену идеяларын насихаттауға бірегей мүмкіндігін береді.

Айта кетейік, БҰҰ 1945 жылы 24 қазанда құрылды. Қазіргі кезде ұйымға қатысушы 193 мемлекет бар. БҰҰ өз қызметінде бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау, осыған қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу мақсаттарын көздейді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.

inform.kz/kaz/article/2832013
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше