«Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің құрылысы әкімдіктің жіті бақылауында

«Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің құрылысы әкімдіктің жіті бақылауында. Бұл туралы бүгін eGov.kz сайтында өткен онлайн-конференцияда Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті.
«Жағалау-3» тұрғын үй құрылысының кешіктірілуіне қатысты үлескерлердің бірінен түскен сауалда Ә.Жақсыбеков алдымен үлескерлердің заңдық мүдделерін қала әкімдігі емес, сот шешу керектігін еске салды.

«Астанадағы Бейсеков пен Сығанақ көшелерінің бойындағы «Каоntech International» ЖШС мердігерлік етуімен салынып жатқан «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты айтсақ. Құрылыс жүргізуші мердігер мен үлескерлер арасындағы келісімшарт аясындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі, келісімшарт тараптардың еркімен және өз мүдделерінің негізінде жасалады. Үлескерлерге алдын ала келісімшартта көрсетілген талаптармен, нысанның пайдалануға берілетін мерзімдері мен оның уақыты қай тараптың ұйғарымымен шегерілетіндігін қарап, мұқият танысып алу керек. Сонымен бірге пайдалануға берілетін мерзімнің шегерілуіне қатысты хабарландырулар жасалады ма, жоқ па оны да біліп алу шарт. Үлескерлер мен құрылыс салушы арасындағы құқықтық қатынастар келісімшарттың негізінде туындағандықтан, егер орын алған дауды шешу мүмкін болмаса, тараптар келісімшартта көрсетілген талаптар орындалмауына қатысты азаматтық сотқа жүгінулері тиіс. Келісілген міндеттемелер орындалмаған болса, үлескерлер Қазақстан Республикасының азаматтық кодексіне сай сотқа бере алады», — дейді Ә.Жақсыбеков.

Әкімнің айтуынша, бұл үлескерлердің өз қатесінен орын алған даулы мәселе болғанымен, әкімдік азаматтардың мүддесін ойлап, тасада қалмауды шешкен және құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы ведомствоаралық комиссия құрған.

«Айта кету керек, «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жөніндегі сауал апта сайын Астана қаласының әкімдігі жанындағы тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияда қаралады. Бұл мәселе әкімдіктің жіті бақылауында тұр», — деп атап өтті әкім.

inform.kz/kaz/article/2831785
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше