Мемлекеттік тілді меңгеруге ниеттілер көбеюде
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту бағытында Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы жүйелі жұмыстар жүргізуде. Басқармаға қарасты «Руханият» орталығында тіл оқыту курстары тұрақты ұйымдастырылады. Биыл маусым айында қаланың 36 мекемесінен 691 тыңдаушы, 12 этномәдени орталықтан 100 тыңдаушы дәріс алса, ал қыркүйек айынан бастап 66 мекемеден 809 тыңдаушы мемлекеттік тілді үйрену курсын одан әрі жалғастыруда.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жақында Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері «КАЗТЕСТ» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өтті. Тестілеуге Астана қаласы әкімі аппаратынан, Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандары әкімдіктерінен, Экономика және бюджетті жоспарлау, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Құрылыс, Сәулет және қала құрылысы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Денсалық сақтау, Білім басқармалары сияқты қаланың 27 мекемесінен 600-ден аса мемлекеттік қызметкер қатысты.
– 2015 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның орындалуын бақылау мақсатында 6 қазаннан бері медицина мекемелері арасында «Мемлекеттік тілде іс жүргізуші үздік мекеме» байқауы, 12 қазаннан бері аралас балабақшалар арасында қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің әдістемелік деңгейін арттыру, қазақ тілін оқытудың жаңашыл әдістерін қалыптастыру, ұлттық педагогика қағидаттарын жүзеге асыру мақсатында «Үздік балабақша мұғалімі» байқауы өтуде. Осының бәрі мемлекеттік тілді үйретуге бағытталып жүргізіліп отырған шаралар, — дейді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Құралай Ақсейіт.
1 пікір