Астанадағы көрмеде үздік әлеуметтік жобалар ұсынылды

Бүгін елордада «Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметтік жобалар» көрмесі өтуде.
«Бізде үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру мен осындай жобаларды іске бойынша арнайы бағдарламалар бар. Себебі, бұл жобалар арнайы әлеуметтік қызметтер аясында іске асырылып отыр. Жыл сайын тек республикалық бюджетте 700 миллион теңгеден кем емес қаржыны қарастырамыз, кейін оны ҮЕҰ арасында облыстар бойынша үлестіреміз», — деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар министр бүгінгі көрме әлеуметтік қызметкерлердің еңбегінің нәтижесі болып табылатындығын атап өтті.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, «Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметтік жобалар» көрмесі 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Үш жылдың ішінде «Үздік әлеуметтік жоба» атағын алу үшін байқауға 317 өтініш қабылданып, оның 64-і жеңімпаз атанған болатын.

Жеңімпаздардың жалпы санынан 10 жоба өз қаражатының есебінен орындалып жатса, 25 жоба демеушілер мен қарастырылған қаражаттың көмегімен, 28-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылып келеді.

Шарада сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова Қазақстанда әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың көмегімен өмірдің қиын жағдайларына тап болған 200 мыңнан астам азаматқа көмек пен қолдау көрсетілгенін атап айтты. Олардың арасында өмірдің қиындығына тап болып, мойымай, қиындықты жеңе білген мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны басым.

Атап айтқанда, биылғы жылы аймақтық комиссия 124 өтінішті қарастырып, 26 әлеуметтік жоба байқаудың іріктеу кезеңінің жеңімпаздары атанды.

Құрамына министрліктің, БАҚ-тың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері кірген іріктеу комиссиясының мүшелері ҚР ДСӘДМ сайтындағы берілген дауыстардың нәтижесін есепке ала отырып, 3 инновациялық жобаны анықтады.

Байқау жеңімпаздары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның ақшалай сыйлығына ие болды.

Сонымен, бірінші орын «Жарайсың!» қазақстандық маркасын оңалту техникалық құралдарын өндіру» авторлық жобасының иесі астаналық Бану Искаковаға берілді. Қаржылай сыйлықтың көлемі — 2 млн. теңге. Екінші орынды иеленген «Training-Кафе» әлеуметтік жобасының авторы алматылық Анна Кудияроваға 1,5 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Ал үшінші орынды павлодарлық «Аналар қолдарының туындысы» жобасының авторы Гауһар Омарова еншіледі (1 млн. теңге).

Сонымен қатар онлайн дауыс берудің нәтижесінде ең көп дауысты Павлодар облыстық Жанна Жанжігітованың «Жан күйзелістері бар адамдар үйі» жобасы жинады. Жоба авторына құнды сыйлық берілді.

inform.kz/kaz/article/2831690
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше