Астана қаласында белсенді жастарға арналған семинар-тренингтер өтті

Астана жаңалықтары: Астана қаласында белсенді жастарға арналған семинар-тренингтер өтті

Жастарымыздың азаматтық, әлеуметтік дербес тұлғалық болмысының қалыптасуына қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау, олардың қоғамдық игі бастамаларын, шығармашылығын қолдау және ынталандыру, халықаралық мәдени, ғылыми және білім беру процестеріне тартуда жастар ісі жөніндегі құрылымдардың рөлін нығайтуға көмек көрсету өте маңызды іс екені белгілі.

Осы орайда, Астана қаласының «Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры» Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен елорданың жоғарғы оқу орындарындағы жастар ісі жөніндегі құрылымдардың жұмысын жетілдіруге арналған «Студент жастармен жұмысты ұйымдастыру» атты екі күндік семинар-тренинг өтті.

Іс-шараға Астана қаласы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының білікті лекторлары, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкерлері, Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорының өкілдері, жастар ұйымдары, жоғарғы және арнайы орта оқу орындарының Жастар ісі жөніндегі комитеттерінің төрағалары мен қызметкерлері қатысып, жастармен тиімді жұмысты өткізу тақырыбында қызықты мағлұматтар алуға мүмкіндік алды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты туралы 2015 жылдың 9 ақпанындағы Заңына сәйкес жастардың өзін-өзі басқаруы тұлғалық және кәсіби өсу, қоғамда ойдағыдай әлеуметтену, өзінің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасау жөніндегі жастар қызметін ұйымдастыру нысаны болып табылады. Сондықтан, аталған семинар-тренингті өткізу Жастар ісі жөніндегі комитеттердің тұрақты дамуына септігін тигізеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9279
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше