«Аstana Expo-2017» көрмесіне Швеция қатысатынын растады
Швеция Астанада өтетін EXPO көрмесіне қатысуға дайын. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары, EXPO-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевтың аталған елге жұмыс сапары барысында мәлім болды.
Швед елі EXPO көрмесі үшін 1,5 миллион еуро бөлген. EXPO-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Швецияға жұмыс сапарымен баруы бекер емес. Өйткені бұл мемлекет — жасыл технология саласында көш бастаушы елдердің бірі. Келер жылы олар жаңартылған энергия көзіне толықтай көшіп, қалған 3 атом электр стансасын жауып тастамақ. Бұл мақсатқа шведтер 546 миллион доллар инвестиция жұмсайды.
Біздің делегациямен кездескен Швеция Үкіметінің өкілдері 2017 жылы Астанада өтетін EXPO көрмесіне қатысатындарын растады.
«Қазір бізде жаһандық жылыну мәселесі пікірталас тудырып отыр. Қалдықтарды тастауды жіті бақылап, мұнай мен газды игеру көлемін азайтуға тиіспіз. Біз болашақты ойлауымыз керек. Осы тұрғыда ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы өте өзекті және дер кезінде қолға алынған деп ойлаймын. EXPO қарсаңында парламенттегі әріптестеріммен бірге Қазақстанға барып қайтқым келеді», — дейді Швеция парламентінің спикері Урбан Алин.
Швеция Үкіметі EXPO-2017 көрмесіне қатысу үшін 1 жарым миллион еуро бөледі. Сол мемлекеттің заңы бойынша ол қаржы елдегі кәсіпкерлерден жиналуы керек. Бұл ретте де елдің ірі-ірі кәсіпкерлері EXPO комиссарымен кездесіп, қазақстандық жобаларға қызығушылық танытты.
«Біз EXPO-2017 көрмесін қолдаймыз және қазақ елімен бірге бүкіл әлеммен қауышуға әзірміз. Мен Education First компаниясының өкілімін. Біз ЭКСПО-2017 көрмесінде пайдаланылатын тілдік бағдарламалар жасап оны оқытумен айналысамыз. Тілді еріктілер ғана емес, қонақ үй қызметкерлері, такси жүргізушілері тіпті тәртіп сақшылары да үйрене алады», — Education First компаниясының вице-президенті Карл-Йохан Вестринг.
Айта кетейік, бүгінгі күні 49 ел мен 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатыны туралы ресми түрде мәлімдеме жасап үлгерді.
Сурет inform.kz сайтынан
Пікір жоқ әзірше