Елордада жануарлар әлемін сипаттайтын көрме өтті
Астанада «Дұрыс аңшылықты қолдау және жануарлар дүниесін қорғау» корпоративті қоры қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырып «Қазақстанның жануарлар дүниесі» атты республикалық фотокөрме ұйымдастырды.
Қор президенті Оралбай Әбдікәрімовтың айтуынша, байқау түрінде өткізіліп жатқан фотокөрмеге 70 фотосуретшіден 231 сурет келіп түскен.
«Фотоөнер саласының майталман мамандарынан құралған қазылар алқасы суреттердің стилі мен сапасына, ерекшелігі мен бірегейлігіне басымдық берді. Қазылар алқасы фотокөрмеге ең үздік 40 суретті таңдап алды», — деді О. Әбдікәрімов.
Қор президентінің сөзінше, республикалық фотокөрме еліміздегі жануарлар дүниесінің саналуандығын көрсетуді көздейді және оларды қорғауды насихаттайды.
«Адамдардың табиғатқа селқос қарауының cалдарынан көптеген жануарлардың саны азайып, кейбіреулері жойылып кетіп жатыр. Бүгінде біздің елімізде қабылан, тұран жолбарысы, пржевальский жылқысы мүлде кездеспейді. Бұған адамдардың табиғатты қолдан ластауы, түрлі табиғи апаттар мен өндіріс орындарының көбеюі бірден бір себеп болып отыр. Бүгінгі фотокөрме ел азаматтарының жануарлар дүниесін сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға сеп болады деген ойдамын. Біз барлығымыз бірлескенде ғана табиғатымыздың фаунасын жоғалтпай, болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсырамыз», — деді қор президенті.
Сөз арасында О. Әбдікәрімов Қазақстанда құстардың — 490, сүтқоректілердің – 172, бауырымен жорғалаушылардың – 51, қосмекенділердің – 12, балықтың – 100-ден астам түрі бар екеніне тоқталды.
«Елімізде жойылып бара жатқан және жойылудың алдында тұрған жануарларды тіркеп отыратын «Қызыл кітап» мерзімді түрде жарық көріп жатыр. 2010 жылы шыққан «Қызыл кітаптың» 4 басылымына балықтың — 18, қосмекенділердің – 3, жорғалаушылардың – 10, құстардың – 57, сүтқоректілердің – 40, өзге жануарлардың 128 түрі енген», — деп түйді ойын қор президенті.
Көрмеде сөйлеген сөзінде көрнекті мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелді шет мемлекеттерде адамдар табиғатпен біте қайнасып кететінін, оны аялайтынын, қадірлеп қастерлейтінін, біз сияқты немкеттілік танытпайтынын тілге тиек етсе, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов республикалық фотокөрме дер кезінде ұйымдастырылып отырғанына тоқталып, оның берері мол болатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, республикалық фотокөрменің қорытындысы 20 қазан күні белгілі болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты қаржылай сыйақымен марапатталады.
Пікір жоқ әзірше