Астана қыс маусымына дайын
Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков коммуналдық техниканың қыс маусымына дайындығын тексерді.
«Сарыарқа», «Алматы», «Есіл» аудандары әкімдерінің жасаған есебіне сай, қазіргі таңда қала қыс маусымына толықтай дайын. Сапалы жұмысты ұйымдастыру үшін елорданың барлық үш ауданында қаланы қыс маусымына дайындау жұмыстарының кестесі мен бірқатар шаралар өткізілген. «Астана – Зеленстрой» мен «Астана Тазалық» коммуналдық қызметтерінің диспетчерлік қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді.
«Астана Тазалық» тарапынан қала көшелері мен жолдарын қардан тазалау жұмыстарына 253 дана техника жұмылдырылады. Одан бөлек, қыс маусымына өзге мекемелердің техникасы тартылмақ. Ай сайын санитарлық тазалау жұмыстарына қосымша 200 дана техника тартылады. Сонымен қатар, биылғы жылы елорданың үш ауданында орнатылатын «Trekan» қар еріту құрылғыларын енгізу бойынша пилотты жоба жүзеге асырылмақ.
Қыс маусымында қар тазалау жұмыстарын жүзеге асыру үшін «Астана Зеленстрой» 120 дана мамандандырылған техника бөледі. Қазіргі уақытта көлік-тракторлы парк қым маусымына толықтай дайын.
Аталмыш екі коммуналдық кәсіпорыннан өзге аудан әкімдіктері қаланы қардан тазалау жұмыстарына мердігер мекемелерді де тартады. Атап айтқанда, «Алматы» ауданында 230 дана, «Есіл» 307 дана, «Сарыарқа» 161 дана техника.
Тексеріс кезінде Астана қаласының әкімі коммуналдық техникалар мен қаланың тиісті қызметтерінің елорданың инфрақұрылымы үзіліссіз жұмыс істеуі үшін қыс маусымына толықтай дайын екендіктерін көрді.
Тексеру аясында қала басшысы «Asia Park» ОСО жанында орналасқан жаңа жылы автобус аялдамасын көріп шықты. Қазіргі уақытта пилотты нысанды орналастыру бойынша жұмыстар аяқталып қалды.
Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін жаңа жабық типтегі аялдама кешендері ақпараттандыру, жылыту және вентиляция жүйелерімен қамтамасыз етілген. Нысанды жылыту үшін қыс маусымында бақылау құрылғылары бар инфрақызыл жылытқыштар пайдаланылады. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін, сонымен қатар, кешенді тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіне қосылған бейне бақылау жүйесі де орнатылады.
Барлығы 80-нен астам жолаушылар көп шоғырланатын аймақ анықталды. 2015 жылдың соңына дейін солардың 30-ға жуығы жаңа кешендермен қамтылады деп күтілуде. Жабық типтегі аялдама кешені орта есеппен кем дегенде 20-30 адамды сыйдыра алады.
astana.gov.kz/kk/modules/material/9244
Пікір жоқ әзірше