Елордалық газеттің 25 жылдығына арналған футболдан турнир өтті

Астана жаңалықтары: Елордалық газеттің 25 жылдығына арналған футболдан турнир өтті

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 25 жылдығына орай журналистер арасында футболдан турнир өтті.

Доп додасына «Егемен Қазақстан», «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» РТРК, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, «Астана» телеарнасы, «Ақмешіт» Қызылорда облысы журналистерінің құрамасы, «24 KZ» телеарнасы, «Қазмедиа» орталығы және «Астана ақшамы» командалары қатысты.
Мерекелік жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің көмекшісі Михаил Чирков, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанар Өтешова қатысып, астаналық газет қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, командаларға алғыстарын білдірді.
Үш топқа бөлінген командалар арасындағы тартысты ойындардың нәтижесінде «Хабар» агенттігі, «Ақмешіт» құрамасы, «Егемен Қазақстан» газеті және «Қазақпарат» ақпарат агенттігі командалары жарыстың жартылай финалына шықты. Бірінші жартылай финалдық ойында белгілі журналист Амангелді Сейітханов бастаған «Хабар» агенттігі және Дастан Кенжалин бастаған «Егемен Қазақстан» командалары өзара кездесті. Бұл ойында есепті егемендіктер ашқанымен, хабарлық жігіттер 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ, Ержан Байтілес баптаған жігіттер «Қазақпарат» командасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сында ойнады.

Үшінші орын үшін ойында «қазинформдықтар» ел газеті жігіттерін 2:1 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды. Ал финалда «Хабар» мен Қызылорда облысы құрамасы кездесіп, сыр бойынан келген жігіттер жарыс жеңімпазы атанды.
«Үздік қақпашы» аталымын Қанат Базылхан («Хабар»), «Үздік қорғаушы» аталымын Дастан Кенжалин («Егемен Қазақстан»), «Үздік шабуылшы» аталымын Қуаныш Құлахметов (Қызылорда құрамасы) иеленді. Сонымен қатар, Сұлтан Сейітов пен Елтай Нұрғазин («Астана ақшамы»), Алмас Манап («Егемен Қазақстан»), Дархан Досболов («Қазақпарат») сынды журналистер де үздіктер қатарынан көрінді.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерге «Астана ақшамы» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Сергей Кузовников пен бас редактор Аяған Сандыбай дипломдар, медальдар және сыйлықтар табыс етті.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше