Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қоларба табысталды

Астана жаңалықтары: Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қоларба табысталды

Қазанның әр жексенбісінде елімізде Мүгедектер күні аталып өтіледі. Осыған орай кеше «Дәулет» спорт кешенінде паралимпиада және сурдлимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, әрқайсысына су жаңа қоларба табысталды.

Салауатты өмір салтын берік ұстанатын жарымжан елордалықтар үшін бұл қоларба күнделікті жүріп-тұруларынан бөлек, спортпен шұғылдануларына да қолайлы.

Астана қаласының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарының спортпен айналысуларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде 400 спортшыны жаттықтыратын «Қайсар» спорт клубы оған дәлел. Клуб мүшелерінің арасында Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғаған жеңімпаздарымыз бар.

– Қазіргі таңда елордада 20 мыңға жуық мүгедек тұрады. Олардың ішінен спортта жетістікке жеткен азаматтарымыздың есімін мақтанышпен атай аламыз. Өмірдің қатал сынағына сынбай, алға ұмтылған жандар басқа да мүмкіндігі шектеулілерді жігерлендіреді. Сол үшін біз барынша қолдап, қолпаштап, бұл жеңімпаздардың жетістіктерін үнемі үлгі айта жүруіміз керек, — деді Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше