Қазақстан – Нидерланды: Дайындық кезінде жанкүйерлерге есік ашық болды

Астана жаңалықтары: Қазақстан – Нидерланды: Дайындық кезінде жанкүйерлерге  есік ашық болды

Бүгін «Астана Арена» стадионында Қазақстан және Нидерланды құрамасы матч алдындағы дайындығын өткізді. Одан бұрын құрамалардың бас бапкерлері баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің «А» тобында ойнап жатқан Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан топтан шығу мүмкіндігінен айырылғанымен, бұл матчтың қаншалықты маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, команданың шабуылшысы Бауыржан Жолшиев жарақатына байланысты алаңға шықпайды. Дегенмен одан меселі қайтпайтын жерлестеріміз өз үйінде кем дегенде 1 ұпай алуға барын салмақ.

Ал, Нидерланды құрамасының бас бапкері Данни Блинд аз уақытта жат жердің атмосферасына бейімделу оңай емес екенін айтады. Ол жасанды көгалдың қолайсыздығына қарамастан, шәкірттерінің жеңетініне сенімді. Өйткені, топта өте нашар өнер көрсетіп жатқан олар үшін ұпай ауадай қажет. Тіпті, тең есептің өзі тақияларына тар келеді. Бұл жөнінде бас бапкер топтағы ең фаворит команда бола тұра, сәтсіз ойнағандарын қынжыла жеткізді.

– Мен Қазақстанға осымен екінші рет келіп тұрмын. Өткен аптада ғана «Галатасарай» клубының құрамында осы алаңда доп тептім. Астанаға келерден бұрын жерлестерім менен бұл жер туралы көп сұрады. Мен қорқатын ештеңе жоқ екенін айтып, жеңіске жететінімізге нандырдым, — деді Нидерланды құрамасының жарқын жұлдызы Уэсли Снейдер.
Бөлісу:

1 пікір