Астанада туристік индустрияның үздік нысандарын анықтайды

Астана жаңалықтары: Астанада туристік индустрияның үздік нысандарын анықтайды

«Астана Конвеншн Бюросы» Астана қаласы әкімдігінің «Recommended by EXPO-2017» әріптестік бағдарламасының басталуына орай қонақ үйлер мен тамақтандыру орындары өкілдерімен жұмыс отырысын өткізді.

Кездесу барысында «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасы бойынша қала әріптесі мәртебесі мен арнайы белгіге ие болу шарттары түсіріндіріліп, ұйымдар арасында үздіктерді белгілеудің басты талаптары жарияланды. Егер де аталмыш талаптарға сай болмаған жағдайда ұйымдардың ақаулықтарды түзеп, жаңадан өтініш беру мүмкіндігі бар екендігі де айтылды. Кәсіпкерлер өз тараптарынан қызмет көрсету персоналының ағылшын тілін білу деңгейі қаншалықты жетік болуы жайлы сұрастырды. Бұл сұраққа бағдарламаны енгізушілер бұл талаптың негізі шетелдік туристермен сұхбат жүргізе білу және де олардың өтініштерін түсініп, дер кезінде сұрақтарына ауқымды, тиянақты жауап беру деңгейі болу керектігін айтты.

Бағдарламаның басты мәні Астана қаласының имиджін нығайту мақсатында туристік салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және деңгейін жетілдіруге аталмыш индустрияда жұмыс істейтін бизнес өкілдерін ынталандыру. Бағдарламаның жүзеге асырылуы кәсіпкерлерге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық кезінде ғана емес, жалпы елорданы дамытуда өз үлесін қосудың маңыздылығын сезіндіретіні анық. Әрі бұл жобаның орындалуы Астана қаласының аумағындағы туристердің, оның ішінде ЭКСПО-2017 қатысушыларының қолайлы келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаға Астана қаласының туристік инфрақұрылымына жұмылдырылған қонақ үйлер, қоғамдық тамақтандыру орындары және басқа да ұйымдар қатыса алады. Бағдарлама қатысушысына «Recommended by EXPO-2017» белгісін беру туралы куәлік және Астана қаласының әріптесі деген мәртебе беріледі. Ең үздіктерді арнайы комиссия таңдайтын болады, оның құрамына Астана қаласы әкімдігінің, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-ның, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының, «Туризм индустриясы одағы» ЗТБ-нің өкілдері кірді.

Өтініштер үстіміздегі жылдың 15-қазанына бастап қабылданады.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш бағдарлама Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылдың 17 қыркүйектегі №180-1637 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаның ұйымдастырушылары Астана қаласы әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы.

astana.gov.kz
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше