«Expo-2017» көрмесіне 50-ге жуық ел қатысатындығын растады
2017 жылы Астанада өтетін «Expo-2017» халықаралық көрмесіне қатысатындығын 48 ел растады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Expo-2017» комиссары, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев мәлім етті – деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.
Қазақстан тарапынан аталған көрмеге дайындық жұмыстары ел ішінде және сыртта да белсенді жүріп жатқанына тоқталған Р.Жошыбаев: «Бүгінде бізге 58 хат келіп, оның ішінде 48 мемлекет пен 10 халықаралық ұйым көремеге қатысатындығын ресми түрде растады. Ұлттық секцияның 21 комиссары тағайындалды. Осы орайда тиісті келісімдерге қол қоюға дайындалуда» деді.
Сондай-ақ, Р.Жошыбаев биылғы 18-19 қарашада «Expo-2017» көрмесіне халықаралық қатысушылардың екінші жиыны өтетіндігін жеткізді. Басқосу барысында елдердің қатысуына байланысты техникалық мәселелер тыңғылықты талқыланбақ.
«Сонымен қатар, бірқатар елдермен олардың қатысуы туралы келісімдер бекітіледі. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі және ХКБ арасында келісімге қол қоюға дайынбыз. Онда «ЭКСПО-2017» қатысушылары үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар қамтылған. Жақын арада бұл құжат бекітіледі», — деді ол.
Пікір жоқ әзірше