АСТАНАЛЫҚ СТАТИСТИКА: жұмыртқа – 14,5 % қымбаттап, ұн – 1,4 % арзандады

Астана жаңалықтары: АСТАНАЛЫҚ СТАТИСТИКА: жұмыртқа – 14,5 % қымбаттап,  ұн – 1,4 % арзандады

Баға дейтін бас білмейтін асаудың ырыққа көнетін түрі жоқ. Қысқа күнде қырық құбылған доллар бағамы 270 теңгеге (300 теңгеге дейін жеткен кезі де болған – ред.) тұрақтанып тұр әзірге. Ал ішер ас, киер киім, күнделікті тұтынатын заттар, дәрі-дәрмек бағасының шарықтауына етіміз үйрене бастағандай. «Ет үйрене бастады» деп жай өзімізді-өзіміз жұбату үшін айтамыз да, әйтпесе, үйдегі көңіл-күйді базардағы нарықтың бұзатыны бесенеден белгілі ғой. Күнделікті базар аралап, баға аңдып жүрмесек те, астаналық статистер мәлім еткен деректерге қарап бас шайқап қоюдан басқа амалымыз жоқ.

Сонымен, Аstana.stat.kz таратқан мәліметке сенсек, елордада қыркүйек айында азық-түлік бағасы біршама қымбаттады, арзандағаны да жоқ емес. Атап айтар болсақ, жұмыртқа – 14,5 пайызға, қант – 13,7 пайызға, тауық еті – 6,2 пайызға, пастерленген сүт – 1,5 пайызға, айран – 1 пайызға, сары май – 0,2 пайызға қымбаттаған. Ал бірінші сортты ұн (1,4 %) мен сиыр еті (0,4%) керісінше арзандаған. Көкөністерден қызанақтың бағасы – 9,3 пайызға көтерілсе, сәбіздің құны – 26,1 пайызға, картоп – 22 пайызға, орамжапырақ – 21,3 пайызға, қызылша – 17,8 пайызға, пияз – 13,3 пайызға, қияр – 4,4 пайызға төмендеген. Жалпы, күнделікті тұтынатын азық-түліктің Астанадағы орташа бағасы төмендегідей (2015 жылғы тамыз, қыркүйек айларындағы мәлімет):

Жоғары сортты ұн, кг: 154 тг. (тамыз), 154 тг. (қыркүйек).
Пастерленген сүт, литр: 196 (тамыз), 199 (қыркүйек).
Қаймақ, кг: 765 (тамыз), 771 (қыркүйек).
Сары май, кг: 1 651 (тамыз), 1 655
Күнбағыс майы, литр: 303 (тамыз), 303 (қыркүйек).
Сиыр еті, кг: 1 165 (тамыз), 1 160 (қыркүйек).
Жұмыртқа, 10 дана: 173 (тамыз), 198 (қыркүйек).
Қант, кг: 175 (тамыз), 199 (қыркүйек).
Картоп, кг: 82 (тамыз), 64 (қыркүйек).
Орамжапырақ, кг: 89 (тамыз), 70 (қыркүйек).
Пияз, кг: 75 (тамыз), 65 (қыркүйек).
Сәбіз, кг: 92 (тамыз), 68 (қыркүйек).
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше