Астанада өткен патриоттар форумына 2 мыңға жуық адам қатысты

Астанада «Мәңгілік ел — болашағы біртұтас ел» атты республикалық патриоттар форумы өтті. Форумға қатысуға барлық өңірлерден шамамен 2 мыңға жуық делегат келді. Олар өз ісінің үздік мамандары – дәрігерлер, әскерилер, өнеркәсіп жұмысшылары, ғалымдар, жас көшбасшылар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, спортшылар, талантты актерлер, мәдениет майталмандары.

Патриоттар форумы 2007 жылдан бері жылдың айтулы шаралары аясында еліміздің түрлі қалаларында өткізіледі. Биылғы форум Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік ел жалпы ұлттық идеясына арналады.

Форум аясында «Жыл патриоты» атты жыл сайынғы байқаудың салтанатты қорытындысы шығарылды. Байқауда ерлік көрсеткен, сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілігін күнделікті еңбегімен, нақты істерімен дәлелдей білген қазақстандықтар жеті аталым бойынша марапатталды.

Сонымен, «Менің елім» аталымында ғарышкер Айдын Айымбетов, «Ел бірлігі» аталымында «Динар — Электромаш» ЖШС (Ақтөбе облысы) іс басқарушысы Сергей Вишняк, КСРО және ҚР халық әртісі Бибігүл Төлегенова «Руханият шыңы» аталымында, «Нұрлы жол» аталымында «Казлегпром – Алматы» ЖШС бас директоры Айбек Бектұрғанов, «Ерен еңбегі үшін» аталымында «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Әлин және «Ерлік» номинациясында суға кеткен екі сыныптасын құтқарған мектеп оқушысы Никита Тюкин, «Ана жүрегі» аталымында белгілі боксшы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина марапатталды.

Номинанттар Қазақстан халқының жеңістері мен жетістіктерінің тарихындағы ел патриоттарының алтын тізіміне енгізіледі.

Патриоттар форумы Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыұлттық жоба аясында «Үлкен ел – үлкен отбасы» және ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» аясында бастама алып отыр.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше