Астана – үй құрылысы бойынша елімізде бірінші орында

Астана жаңалықтары: Астана – үй құрылысы бойынша елімізде бірінші орында

Астанада жыл басынан бері 10 мыңнан аса пәтер пайдалануға берілді. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәлімдеді.

– Шілде айынан бастап қаланың тұрғын үй қоры 300 мың шаршы метрге ұлғайған. Барлығы жыл басынан бері 1 миллион 198 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 10 895 пәтерді құрайды және өткен жылдың көрсеткіштерінен 75 пайызға артық. Бұл уақыт аралығында елордада апатты жағдайдағы үйлерді сүру бойынша пилотты жоба асында 28 тұрғын үй сүріліп, тұрғындар 328 қайтарымсыз пәтерге ие болды, — деді С. Хорошун.

Сондай-ақ, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 228 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Астана үй құрылысы бойынша елімізде бірінші орында тұр. Қазіргі уақытта 210 көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобада тағы 551 нысан бар.

Брифинг барысында Үлескерлік туралы заңды бұзған 20 құрылыс компаниясының нысандары бойынша да сөз қозғалды. Үлескерлік қатысу туралы заңды елемей, тұрғындардан пәтерге алдын ала қаражат жинаған құрылыс компанияларына қатысты құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта 20 компанияның атсалысуымен, 44 нысан бойынша тергеу жүргізілуде. Оның 25-і жобалау үстінде болса, 19-ына құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

С. Хорошунның айтуынша, олардың басым бөлігі құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат та алмаған. Жыл басынан бері ешбір құжатсыз әрекет етіп келген құрылыс компаниялар саны 125-тен 13-ке дейін азайды. Жыл соңына дейін бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Олардың қатарында «Азбука жилья», «Төленді», «Әл-Барақат», «Сезам стройсервис», «Шейx Казинвест» және «Тамыз инвестгрупп» компаниялары кіреді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше