«Astana bike» 150-стансасын іске қосты
Бұрнағы күні Ж.Тәшенов пен Таха Хусейн көшелерінің қиылысында «Astana bike» велосипедттерді жалға беру жобасының 150-стансасы салтанатты түрде ашылды.
Жамбыл Жабаев ескерткішінің маңынан орын тепкен бұл станса – биыл құрылған 110 велобекеттің соңғысы.
Жылдан жылға «Astana bike» жобасының ауқымы кеңейіп, велосипедтерді қолданушылар қатары да көбейіп келеді. Былтыр бар-жоғы 200 велосипедпен 40 стансаны орнатқан «Astana bike» ағымдағы жылы олардың санын үш есеге жуық арттырды.
– Өткен жылы құрған 40 велобекеттің санын бүгінде 150-ге жеткіздік. Жоба жұмысы алғаш басталғанда біздің велосипедтер елорданың тек сол жағалауындағы тұрғындарға қолжетімді болды. Ал, қазір велосипедтерді бүкіл астаналықтар теуіп жүр деп айта аламыз. Бұрын қос доңғалақты көлікті күніне 200 адам қолданса, қазіргі таңда күн сайынғы жалға алушылар саны – 1000-ға тарта. Мұндай өсіммен біз алдағы уақытта әлі қаншама велобекет орнатамыз, — деді «Astana bike» жобасының жетекшісі Сұлтанбек Сыздықов.
Астана Конвеншн бюросының директоры Санияр Айтекенов мұндай жобалар салауатты өмір салтын қалыптастыруға, көшедегі тығыз көлік қозғалысының жүгін жеңілдетуге септігін тигізетінін айтты.
1 пікір