Мамандық таңдаудың маңызы

Астана жаңалықтары: Мамандық таңдаудың маңызы

Жастардың жұмыссыздығы, икемі бар, оқыған мамандықтары бойынша еңбек ете алмауы қазіргі кезде шешімін таппаған өзекті мәселе. Кеше басталған «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты ашық есік күндері жоғары сынып оқушыларына еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды насихаттауға және кәсіби бағыт-бағдар беруге бағытталған.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ отырысында «Жастар сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды игеруі керек және өзі үшін, халқы үшін еңбек етуі тиіс» деп атап көрсеткен еді. Елбасының осы сөзін басшылыққа алып, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен қалалық Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры іс-шаралар кешенін ұйымдастырып келеді. Былтырғы оқу жылында өткізілген 10 ауқымды кездесу мен 20 ашық күніне 10 мыңнан аса оқушы қатысқан. Нәтижесінде кәсіби маман тапшы салаларды таңдаған түлектердің саны 12 пайызға артқан.
Астаналық оқушылар 28 қыркүйек пен 9 қазан аралығында «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты ашық есік күндері аясында қаладағы іргелі өндіріс орындарына экскурсияға барып, қызығы мен шыжығы мол жұмыстың тіршілігімен танысады.

Кеше №55 орта мектептің 9-сынып оқушылары «Цесна-Астық» концерніне барып, бидай өнімдерінің қалай дайындалатынына куә болды. Балаларды бастап жүрген инженер-технолог Наурыз Едірісов өндіріс орнын аралатып, ондағы әрбір технологияның жұмысын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Күнделікті тамақтануда тұтынып жүрген макарон өнімдерінің дайындалу үдерісін жіті бақылаған оқушылардың елене бермейтін осы мамандыққа көңілі ауды. Қызығушылығы оянған олар әр жабдықтың тілін жатқа білетін шеберлерге сұрақтарын жаудырды.

– Астана – үлкен мүмкіндіктердің қаласы. Тіршілігі қайнаған шаһарда өсіп келе жатқан балалар кез келген шаруаға бейім болуы керек. Жастар біле бермейтін қаншама кәсіп түрлері бар. Олардың мамандық таңдауда жаңылыспаулары үшін бағыт-бағдар беру мақсатында осындай шараларды жиі ұйымдастырамыз. Бұл бастамамыз нәтижесіз болып жатқан жоқ. Қазір сұранысқа ие мамандықтарды таңдаған түлектер саны жылдан жылға өсіп келеді. Өз мамандарымыздың көбеюімен болашақта отандық өнімдеріміздің көлемі де, бағасы да арта түседі, — деді Астана қаласы Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорының директоры Бақытжан Жүнісбеков.

№55 мектептің мұғалімі Қаламқас Қасен оқушылар сабақтан тыс бір уақыт қаладағы назардан таса осындай өндіріс орындарының жұмысымен танысу оларға серпін беретінін айтты.

«Цесна-Астық» концернінің инженер-технологы Наурыз Едірісов мұнда макорон өнімдерін өндірерде тұтынушылардың сұранысы ескерілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпорында 1 сағаттың ішінде 8000 килограмм өнім дайындалса, күніне 10 тонна макарон қапталады екен. Астананы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Цесна-Астық» тауарлары еліміздің басқа аймақтарына да таралып қоймай, ТМД және Таяу Шығыс елдеріне де экспортталады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше