Астанада той кортежімен жол ережесін өрескел бұзғандар жауапқа тартылды

Астана жаңалықтары: Астанада той кортежімен жол ережесін өрескел бұзғандар жауапқа тартылдыОларға салынған айыппұл көлемі жарты миллион теңгеден асады. Естеріңізге сала кетейік, таяуда ғаламтор беттерінде Қонаев көшесі бойында қымбат көліктердің шоуы көрсетілген бейнежазба жарияланған еді. Жүргізушілер өзінше өнер шығарып, көлікті теріс қарап отырып басқарып, бірнеше мәрте көлік апаты қаупін тудырған. Тіпті, жол ортасындағы жолақтарды қиып өтіп, қарсы бағытқа шыққан. Тәртіп сақшылары бұзақыларды қолға түсіріп, қазір 9 адам жауапқа тартылып жатыр. Оның төртеуі көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сабыр Жүсіпбеков, қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары: — Барлық жүргізушілер бейнебақылау камералары арқылы анықталып, ұсталды. 9 жүргізушіге 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Жолдың қарсы бағытына шығу, қозғалыс қатарларын бұзу, артқа жүру, автокөліктерге стробоскоптар орнату, дыбыс сигналдарын пайдалану, жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзу сияқты өрескел қателіктер жасалды. Сондай-ақ Алматының Әл-Фараби даңғылында «дрифт-шоу» ұйымдастырған екі жүргізуші де жауапкершілікке тартылды. Өзге көліктердің қозғалысын тоқтатып, кедергі келтірген азаматтардың әрекеті ғаламтор пайдаланушыларының наразылығын тудырды. «Дрифт-шоу» кезінде даңғылдың бойында кептеліс қалыптасты.

сілтеме
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше