Матч кезінде жол қозғалысы шектеледі

Кеше «Астана-Арена» стадионында 30 қыркүйек күні «Астана» командасы мен түркиялық «Галатасарай» командасы арасында өтетін матчқа жанкүйерлерді ұйымдастыру барысына қатысты брифинг өтті.

Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бақытжан Малыбаев ойын кезінде қадағаланатын қауіпсіздік шаралары туралы айтты.

Кешкі сағат 19.00-ден бастап матч аяқталғанға дейін Керей Жәнібек хандар көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейінгі Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарында уақытша жол қозғалысы шектеледі. Осы көшелерге жолы түсетін тұрғындар ойын басталардан ертерек немесе Орынбор көшесі арқылы айналып өтіп, діттеген жеріне жетуге болады.

ІІД Әкімшілік полиция басқармасы жүргізушілерге стадионға жеке көліктерімен баруға қатаң тыйым салуда. Ол күні рұқсат етілмеген орындарға қойылған көліктерді реттеу үшін арнаулы эвакуаторлар жұмыс істейді.

Қоғамдық көліктерден бөлек қаланың 6 нүктесінен «Астана-Арена» алаңына дейін қосымша автобустар қатынайды. Олар «Қазақстан» СК, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион, «Жастар» театры, «Нұр Астана» мешіті және «Астаналық цирк алдынан жүреді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше