Ана тілдің аясын кеңейткен акция
Жуырда Қазақстан халқы тілдері фестивалі шеңберінде «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы мен Тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп, «Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетеміз» атты жалпықалалық акция өткізді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, көп ұлтты еліміздің бірлігін нығайтуға бағытталған шара барысында қаладағы қоғамдық орындар сағат 10.00-ден бастап 16.00-ге дейін жұртшылыққа тегіс қазақ тілінде қызмет көрсетті.
Бас-аяғы 18 мекемеде ұйымдастырылған акцияның талапқа сай жүргізілуін «Нұр Отан» партиясы өкілдері мен қалалық Тілдерді дамыту басқармасының мамандары қадағалады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емханалардан бөлек, «Астана» халықаралық әуежайы, «Сапаржай» автовокзалы және «Банк Центр Кредит» пен «Ұлттық банк» қызметкерлері хабарламалардың барлығын тек қазақ тілінде жеткізді.
– Бұл шараның әуежайда да ұйымдастырылғанына көңіліміз толды. Тексеру қызметі инспекторлары, жолаушыларға қызмет көрсету агенттері, кезекшілер – бәрі қазақша сөйлеп, әуежайдың өндірістік-диспетчерлік бөлімінің дикторлары да хабарларды қазақ тілінде жариялады. Тілімізді түсінбей аңтарылған өзге ұлт өкілдеріне қызметкерлер жеке-жеке көмек көрсетті. Жолаушыларға қазақ тілін насихаттау кезінде қаламсаптар мен кітапшалар үлестірілді. Осындай шаралардың жиі өткізілуі қазақ тіліне деген қажеттілікті арттырады, — деді «Астана» халықаралық әуежайы Тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Роза Сейітмағанбетова.
Кешкісін Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда өткен «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты мерекелік концертте акцияның жоғары деңгейде өтуіне белсенді қолдау көрсеткен мекемелер марапатталды.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Пікір жоқ әзірше